Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялауы – ел дамуындағы маңызды әрі жауапты кезең. Құжат қоғамның кең қатысуымен, азаматтар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескеріліп әзірленді. Бұл – мемлекеттік шешімдердің ашық әрі инклюзивті тәсілмен қабылданатынының көрінісі.
Жаңа Конституция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын бүкіл құжаттың өзегіне айналдырып, «мемлекет адам үшін» қағидатын нақты құқықтық деңгейде бекітеді. Цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғау нормалары алғаш рет Конституциялық деңгейде енгізіліп, заманауи қауіп-қатерлерге жауап береді.
Дін мен мемлекеттің арасын нақты ажырату, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты, некенің еркек пен әйелдің тең құқығымен бекітілуі – қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтаудың маңызды кепілі.
Саяси жүйені жаңғырту да назардан тыс қалмай, парламенттің жаңа форматы мен пропорционалды сайлау жүйесі партиялардың дамуына, саяси бәсекелестіктің артуына және азаматтардың шешім қабылдауға белсенді қатысуына мүмкіндік береді.
Жалпы, жаңа Конституция жобасы – қоғамның сұранысына, заманның талабына және ұлттық құндылықтарға жауап беретін маңызды құжат. Ендігі міндет – оны кеңінен талқылап, әрбір азаматтың пікірін ескере отырып, елдің бірлігі мен тұрақтылығына қызмет ететін ортақ шешімге келу.
Дәулет Сейтпеков.
Қалалық мәслихат депутаты.
