Бүгін Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындары басталады. Ақпан айының 6-22 аралығында өтетін бұл спорттық оқиға ауқымы мен рухани құндылықтары жағынан ерекшеленіп, әлем жұртшылығының назарын өзіне аударды.
Олимпиаданың басты ерекшелігі – көпорталықты өткізу моделі. Ойындар бірден үш аймақты қамтиды: Миланда орналасқан Ломбардияны, Венето және Трентино өңірін, оның ішінде Кортина-д’Ампеццо, Вальтеллина және Валь-ди-Фьемме. Бұл тәсіл әр спортшыға үлкен спорт мерекесінің бір бөлігі болуға мүмкіндік береді. Ал көрермен үшін – әр қала, әр тау, әр арена тарихқа айналатын ауқымды жарыстың атмосферасын сезінуге жағдай жасайды.
Ашылу екі қалада қатар өтеді – Милан мен Кортина-д’Ампеццода. Спортшылар шеруі де екі аймақта бір мезетте болады. Алғаш рет Олимпиада тарихында екі алау шырағы орнатылады. Бірінші алау Миланда, қаланың символына айналған Бейбітшілік аркасында жағылады. Екінші алау таулы аймақтағы Кортина-д’Ампеццо қаласының қақ ортасында, Пьяцца Дибона алаңында орналастырылады.
Ойындарда 116 олимпиадалық және 79 паралимпиадалық медаль жиынтығы сарапқа салынады. Барлық классикалық қысқы спорт түрлері ұсынылады: тау шаңғысы, шаңғы жарысы, биатлон, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, сноуборд, фристайл, бобслей, шана спорты. Алғаш рет ски-альпинизм бойынша жарыс ұйымдастырылады. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше еліміздің атынан 36 спортшы бірнеше спорт түрінен медаль үшін бақ сынайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2026 жылғы Олимпиада – мәдениет, өнер, дизайн, музыка және экология үйлесім тапқан ауқымды мереке болмақ.
Дайындаған Марал Шахаева.
