Пятница, 30.10.2026

2026 ЖЫЛҒЫ ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫ

Бүгін Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындары басталады. Ақпан айының 6-22 аралығында өтетін бұл спорттық оқиға ауқымы мен рухани құндылықтары жағынан ерекшеленіп, әлем жұртшылығының назарын өзіне аударды.

Олимпиаданың басты ерекшелігі – көпорталықты өткізу моделі. Ойындар бірден үш аймақты қамтиды: Миланда орналасқан Ломбардияны, Венето және Трентино өңірін, оның ішінде Кортина-д’Ампеццо, Вальтеллина және Валь-ди-Фьемме. Бұл тәсіл әр спортшыға үлкен спорт мерекесінің бір бөлігі болуға мүмкіндік береді. Ал көрермен үшін – әр қала, әр тау, әр арена тарихқа айналатын ауқымды жарыстың атмосферасын сезінуге жағдай жасайды.

Ашылу екі қалада қатар өтеді – Милан мен Кортина-д’Ампеццода. Спортшылар шеруі де екі аймақта бір мезетте болады. Алғаш рет Олимпиада тарихында екі алау шырағы орнатылады. Бірінші алау Миланда, қаланың символына айналған Бейбітшілік аркасында жағылады. Екінші алау таулы аймақтағы Кортина-д’Ампеццо қаласының қақ ортасында, Пьяцца Дибона алаңында орналастырылады.

Ойындарда 116 олимпиадалық және 79 паралимпиадалық медаль жиынтығы сарапқа салынады. Барлық классикалық қысқы спорт түрлері ұсынылады: тау шаңғысы, шаңғы жарысы, биатлон, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, сноуборд, фристайл, бобслей, шана спорты. Алғаш рет ски-альпинизм бойынша жарыс ұйымдастырылады. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше еліміздің атынан 36 спортшы бірнеше спорт түрінен медаль үшін бақ сынайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2026 жылғы Олимпиада – мәдениет, өнер, дизайн, музыка және экология үйлесім тапқан ауқымды мереке болмақ.

Дайындаған Марал Шахаева.

Проверьте Также

Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңестің отырысы өтті

Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңестің отырысы өтті. Жиын барысында кәсіпкерлікті одан әрі дамыту, жергілікті …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *