Воскресенье, 5.04.2026

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ -ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Қыркүйек айының 27 мен 29 аралығында облысымызда «Жошы хан және Алтын Орда: тарих, мұра және Ұлы Дала өркениеті» атты Халықаралық ғылыми-танымдық конференциясы жұмыс жасаған болатын. Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Ұлытау облысы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған конференцияның мақсаты – Жошы хан мұрасын және Алтын Орда тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеу. Сонымен бірге, тарих, фольклор, өнертану бағыттарындағы зерттеу жұмыстарын кешенді түрде жүргізу, Ұлытау өңірінің мәдениетінде сақталған түркі дүниесіне ортақ құндылықтарды айқындау, тұтас түркі өркениетінің рухани қазынасы ретінде бағалау және олардың қазіргі қоғамдағы маңызын ашып көрсету – конференцияның басым бағыттары болды.
Конференцияның ашылуына орай өткізілген брифингке Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті (Әзербайжан, Баку) Ақтоты Райымқұлова, Қажы Байрам университетінің PһD докторы (Түркия), археолог Аталай Каратак және PһD докторы, Жошы ұлысын зерттеу жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарихшы Жақсылық Сәбитов, сондай-ақ өңіріміздің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Бүгінгі конференцияның мәні ерекше. Бұл жиында айтылатын ғылыми ойлар мен пікірлер: тарихымызды терең түсінуге, жаңа зерттеулерге бастау боларына, өткен тарихымызды жаңаша қырынан зерделеуге, әлем туристерінің назарын аудартып, туризмнің дамуына серпін береріне сеніміміз мол. Осы ретте, конференцияны өткізуге бастамашы болған Ақтоты Рахметоллақызына шынайы алғысымды білдіремін, – деді жиын барысында облыс басшысы.
Өз кезегінде Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова конференция қатысушыларына алғысын білдіріп, Жошы хан мұрасы мен Алтын Орда тарихын тереңінен зерделеніп, Ұлытау топырағындағы тамыр жайған түркілік ортақ құндылықтарды айқындау бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі екендігін айтып өтті.
– Жошы хан есімі – тек өткеннің тарихы емес, бүгінгі түркі халықтарының бірлігін ұрандайтын ұлы бейне. Ұлытау топырағында қалыптасқан ортақ құндылықтар – біздің рухани тірегіміз, болашаққа аманатымыз. Бүгінгі өтіп жатқан халықаралық жиын Жошы хан мұрасын жаңғыртып қана қоймай, түркі халықтарының мәдени және рухани ынтымақтастығын нығайта түсетініне сенімдіміз, – деді Ақтоты Рахметоллақызы.
Бірнеше күнге созылған ауқымды іс-шара аясында екі секция жұмыс істеді. Конференцияның «Алтын Орда және Жошы ұлысы кезеңіндегі мемлекеттілік пен тарихи-мәдени процестер» тақырыбындағы алғашқы бөлімінде Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуіріндегі түркі халықтарының тарихы, қазақ мемлекеттілігінің бастаулары, халықаралық қатынастар мен мәдени ықпалдастық мәселелері қарастырылды. Ал, «ХІІІ-XIV ғасырлардағы Түркі әлемінің музыкалық-фольклорлық мұрасы мен рухани құндылықтары. Күйші-сазгер Кетбұқа бидің тарихи-мәдени мұрасы» атты екінші бөлімінде XIII-XIV ғасырлардағы түркі халықтарының ортақ музыкалық-фольклорлық дәстүрлері, эпикалық жырлар мен күй өнерінің дамуы талданды. Сонымен қатар, Кетбұқа бидің тарихи-мәдени мұрасы және оның түркілік музыкалық дәстүрлерді қалыптастырудағы рөлі жан-жақты зерттелді.
Конференция жұмысына ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттер – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия республикаларынан, сондай-ақ Ресей, Венгрия, Башқұртстаннан түркі әлемінің халықаралық ғылыми-зерттеу институттары мен тарихи-мәдени орталықтарының ғалымдары, археология және реставрация салаларының мамандары, тарихшылар мен филологтар қатысып, өзара ой-пікірлерімен алмасты.
Іс-шара аясында түркі халықтарының рухани құндылықтарын ұлықтаған түркі мәдениетінің елшісі атанған «TURAN» ансамблінің «TAMYR» атты концерті көпшілікке ұсынылды. Түркі әлемінің 40-тан аса ұлттық аспаптарының үнін жаңғыртқан ансамбльдің шығармашылығы халықты әуезді әуенге бөлеп, әдемі кеш сыйлады. Сонымен қатар, қатысушылар Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелеріне арнайы барып, Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени орындарымен танысты.
                                                            
Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

О

Проверьте Также

КАРДИОХИРУРГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ДАМИДЫ

«Қазақмыс» корпорациясы өзі жұмыс істейтін өңірлерде әлеуметтік жауапкершілік аясында денсаулық сақтау жүйесін қолдауды жалғастырып келеді. …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *