Воскресенье, 5.04.2026

Мәслихат сайлауына дайындық қызу

Дүйсенбі күні қаламызға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов жұмыс сапарымен келіп, 26 қазанда өтетін Сәтбаев қалалық мәслихатының шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарымен танысты. Іс-сапар аясында облыстық және қалалық сайлау комиссияларының төрағалары, мемлекеттік мекеме басшылары мен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен жиын өткізіліп, сайлауға дайындық барысы талқыланды.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 101 бабы 3-1 тармағына сәйкес мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау наурыз және қазан айларының соңғы жексенбісінде бір мезгілде өткізіледі. Ұлытау облысы бойынша биылғы жылдың 26 қазанында 3 округте мәслихаттар депутаттарының сайлаулары өтеді. Осыған орай ұйымдастырылған жиынның негізгі мақсаты алдағы сайлауға әзірлікті тексеру, комиссия мүшелеріне әдістемелік көмек көрсету және сайлау кезінде заңдылықтарды сақтауды қамтамасыз ету болды.

 

Кеңейтілген отырыста қала әкімінің орынбасары Дархан Мұхан, қала прокурорының орынбасары Өмірзақ Әлиев, полиция бөлімі бастығының орынбасары Қайрат Смағұлов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қазбек Ашықбаев, Сәтбаев қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ернар Смағұлов баяндама жасап, сайлауға дайындық бойынша атқарылған жұмыстар туралы жиналғандарды хабардар етті.

– Сәтбаев қалалық мәслихатының шығып қалған депутаттарының орнына өткізілетін сайлау 2 округ бойынша жүргізіледі. №6 бірмандаттық сайлау округінің құрамына №48 (орталығы – Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы) және №49 (орталығы – № 25 жалпы білім беретін мектеп), ал №12 бірмандаттық аумақтық сайлау округіне №56 (орталығы – №16 жалпы білім беретін мектеп) және №59 (орталығы – Қ. Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп) сайлау учаскелері кіреді. Жалпы депутаттыққа алты кандидат тіркелді: әр округ бойынша 3 адамнан. Сайлауға қатысатын аумақтық, округтік, учаскелік сайлау комиссияларының сайлауалды дайындық барысындағы және басқа да өкілеттіктеріне сай атқарылып жатқан жұмыстары тұрақты түрде ақпарат құралдарында жарияланып келеді. Қала тұрғындарын алда болатын сайлау туралы ақпараттандыру мақсатында округтер маңында баннерлер орнатылды. Республикалық бюджет есебінен тіркелген кандидаттар туралы ақпараттық плакаттар дайындалды. Үгіт-насихат жұмыстары 25 қазанға дейін жалғасады. Сәтбаев қаласы бойынша шығып қалған мәслихат депутаттарының сайлауында 7594 сайлаушы дауыс береді. Сайлау нәтижесі 1 қарашадан кешіктірілмей белгілі болады, – деді қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ернар Смағұлов.

Жиын барысында алдағы сайлауға дайындық, сайлау учаскелерін жарықтандыру, инженерлік инфрақұрылым мен интернет желісінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ сайлау бюллетеньдерін жеткізу мен күзетуді ұйымдастыру жұмысы туралы сөз қозғалды. Сонымен қатар, сайлаушыларды ақпараттандыру және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау мәселелері де жан-жақты талқыланды.

Кездесу соңында Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов сайлау процесінің барлық кезеңінде ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, сайлау күні қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына баса назар аудару қажет екендігін жеткізді. Ол дауыс беру құпиясын сақтау, сайлаушылардың құқығын қамтамасыз ету және сайлау күні дауыс беру процесінде ешқандай заң бұзушылыққа жол бермеу керектігін қатаң ескертті.

Жиналыстан соң қаламызға арнайы келген Орталық сайлау комиссиясы аппаратының электораттық процесті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Түсіп Рыспеков сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған семинар-тренинг өткізді. Онда нормативтік-құқықтық база түсіндіріліп, тәжірибелік жағдайлар бойынша іс-қимыл алгоритмдері талқыланды.

                   

Марал Шахаева.

Суреттерді түсірген автор.

 

О

Проверьте Также

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – БОЛАШАҚҚА СЕНІМДІ ҚАДАМ

Жақында «Денсаулық» колледжінде жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *