Воскресенье, 5.04.2026

Әркімнің дауысы маңызды!

Орталық сайлау комиссиясы 2025 жылғы 26 қазанға облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарының сайлауын тағайындады. Дауыс беру еліміздің 20 өңірінің 16-сында өтеді.

Бұған қосымша сайлау көзделмеген Астана, Алматы, Шымкент және Жетісу кіреді. Қалған облыстарда сайлау жекелеген мәслихаттарда өтеді.

Еліміздің өзге өңірлерімен қатар бұл күні Сәтбаев қаласында да сайлау өткізу жоспарланған. Сайлау науқанына дайындық пен оны өткізу барысы туралы бізге Сәтбаев қаласының аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Гүлсім Есмурзаева айтып берді.

– Сәтбаев қаласының аумақтық сайлау комиссиясының биылғы жылғы 27 тамыздағы қаулысымен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 101-бабына сәйкес, Сәтбаев қалалық мәслихатының шығып қалған депутаттарының орнына 2 сайлау округтері бойынша Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаттарын сайлау 2025 жылғы 26 қазан күнге тағайындалды. №6 және №12 бірмандаттық аумақтық сайлау округтерінің депутаттары тиісті әкімшілік аумақтық бірліктен тыс тұрақты тұруға шығуына байланысты 2025 жылы мамыр айында мерзімінен бұрын депутаттық өкілеттіктерін тоқтатты.

– Аталмыш округтерге қандай сайлау учаскелері кіреді?

– №6 бірмандаттық сайлау округінің құрамына келесі сайлау учаскелері кіреді: №48 (орталығы – Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы) және №49 (орталығы – № 25 жалпы білім беретін мектеп). Ал №12 бірмандаттық аумақтық сайлау округіне №56 (орталығы – №16 жалпы білім беретін мектеп) және №59 (орталығы – Қ. Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп) сайлау учаскелері белгіленген.

– Қала бойынша депутаттыққа қанша адам тіркелді?

– Сайлау науқаны ағымдағы жылдың 27 тамызында басталған болатын. Оның алғашқы екі кезеңі аяқталды: 25 қыркүйекте кандидаттарды ұсыну және 30 қыркүйекте кандидаттарды тіркеу. Барлығы 8 кандидат ұсынылды, оның екеуі саяси партиялар және 6-ы өзін-өзі ұсынған. Тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін №12 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша 1 кандидат өз еркімен кандидатурасын алып тастады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциясының 104-бабының 1-1 тармағына сәйкес сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжаты болмағандықтан 1 кандидат тіркелмеді. Нәтижесінде депутаттыққа алты кандидат тіркелді: №6 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша 3 кандидат және №12 бірмандаттық округ бойынша 3 кандидат. Кандидаттардың алтауы да ер адам, 4 – жоғары білімді, 1– орта арнаулы білімі бар, 1– орта білімді. Кандидаттардың төртеуі өндіріс орындарында, бірі кәсіподақ саласында жұмыс жасайды, ал енді біреуі өзін-өзі жұмыспен қамту тобына жатады. Орташа жастары – 39-ды құрайды.

– Сайлауалды үгіт-насихат жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Қазіргі уақытта кандидаттар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлауалды үгіт жұмыстарын бастап, үгіт материалдарын таратуда және  сайлаушылармен кездесуде. Қала әкімдігімен бірлесе отырып, кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін орындар айқындалды. Сонымен бірге сайлаушылармен кездесетін орындар да белгіленді. Қазіргі кезеңде округтік сайлау комиссиялары сайлау заңнамасының сақталуын бақылауды және сенім білдірілген адамдарды тіркеуді жалғастыруда. Сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өтетін округтердің тізімін, олардың орналасқан жерлері көрсетілген ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Сайлауға қатысатын аумақтық, округтік, учаскелік сайлау комиссияларының сайлауалды дайындық барысындағы және басқа да өкілеттіктеріне сай атқарылып жатқан жұмыстары тұрақты түрде ақпарат құралдарында жарияланып келеді. Қала тұрғындарын алда болатын сайлау туралы ақпараттандыру мақсатында округтер маңында баннерлер орнатылды. Республикалық бюджет есебінен тіркелген кандидаттар туралы ақпараттық плакаттар дайындалды. Үгіт-насихат жұмыстары тіркеу аяқталғаннан кейін басталады және 30 қыркүйектен 25 қазанға дейін жалғасады. Нәтижелер 2025 жылдың 1 қарашасынан кешіктірілмей белгілі болады.

– Сайлаудың өту тәртібі туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

– Қазан айының 5 күні қала әкімі қол қойған сайлаушылар тізімдері акт бойынша учаскелік сайлау комиссияларына ұсынылды. 10 қазаннан бастап учаскелік сайлау комиссиялары енгізілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру және сайлаушыларға танысу үшін тізімдерді берді. Енді әрбір сайлаушы өз деректерін тексеруге құқылы. Сайлаушылар тізімдеріне түзетулер енгізу немесе енгізу туралы өтініштер учаскелік сайлау комиссиялары қабылданған күні қаралады. Осы сайлау кезінде дауыс беру құқығын беретіне есептен шығару куәлігі болмайды. Сайлау қалалық сайлау округтерінде өтіп жатқандықтан, Сәтбаевтан тыс жерлерде сайлаушылар дауыс бере алмайды. Дауыс беретін  күні денсаулығына немесе науқас адамның күтіміне байланысты тізімге енгізілген сайлау учаскесіне келе алмайтын Қазақстан азаматтары сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс бере алады. Ол үшін учаскелік сайлау комиссиясына сол күні жергілікті уақыт бойынша 12:00-ден кешіктірмей жазбаша өтініш беру керек.

– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қандай жағдай жасалған?

– Осы сайлау науқанында дауыс беруші мүгедектігі бар адамдардың жалпы  саны – 9, арба пайдаланатындар – 5, көру қабілеті нашар адамдар саны – 3, есту қабілеті нашар сайлаушы саны – 1. Барлық сайлау учаскесінде мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы кабиналар жасақталған. Қажетті трафараттермен қамтылған, кандидаттар туралы ақпараты бар аудиожазбалар компьютерлерге енгізілді. Қала тұрғындарын дауыс беруге шақыру парақшасы облыстық сайлау комиссиясының ұсынысымен QR кодымен толықтырылды.

– Сайлау кезінде учаскелік сайлау комиссияларының қызметі қандай?

– Сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге бір аумақтық, екі округтік, төрт учаскелік сайлау комиссиясы қатысады. Сайлауға қатысатын комиссиялар 45 мүшеден тұрады. Олар арнайы оқыту семинарларынан өтіп, сайлау науқанының негізгі кезеңдерін өткізу барысы, сайлаушылар тізімдерімен жұмыс істеу, сайлау комиссияларының сайлауды әзірлеу мен өткізу, сайлау туралы заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету бойынша тиісті дәрістер оқып, қорытындысында оларға Сертификаттар тапсырылды. Сайлау комиссиялары күнтізбелік жоспарға  сәйкес белгіленген негізгі іс-шараларды кезең кезеңімен жалғастыруда.

– Ақпаратыңызға рахмет.

 

Сұхбаттасқан

Марал Шахаева.

О

Проверьте Также

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – БОЛАШАҚҚА СЕНІМДІ ҚАДАМ

Жақында «Денсаулық» колледжінде жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *