Пятница, 30.10.2026

КІТАП ПЕН ОҚЫРМАНДЫ ТАБЫСТЫРҒАН РУХАНИ ОРДА

Елдің рухани өресі мен парасат деңгейі – оның кітапқа деген ықыласымен өлшенеді. Ал сол алтын қазынаға деген шынайы сүйіспеншілікті қалыптастырып, жас ұрпақтың бойына білім мен пайымның, ізгілік пен парасаттың дәнін себетін киелі мекен – кітапхана екені даусыз. Осы орайда, жақында кеншілер шаһары – Сәтбаев қаласының мәдени өмірінде өзіндік өрнегі бар, жас буынның сүйікті орнына айналған Балалар мен жасөспірімдер кітапханасының 20 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.

Бұл мәдениет ошағының іргетасы — 2006 жылы, сол жылдары Сәтбаев қаласын басқарған білікті басшы Қанат Сұлтанұлы Балмағамбетовтың тікелей бастамасымен және қолдауымен қаланған болатын. Еліміздің мәдени-рухани кеңістігіне ерекше серпін берген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында есігін айқара ашқан кітапхана содан бергі уақытта жас буынның шамшырағына айналды.

Жиырма жыл ішінде бұл алтын шаңырақ талай жас өркенді кітаптың сиқырлы әлемімен қауыштырып, олардың білім көкжиегін кеңейтті, шығармашылық қанаттарын қатайтты. Бүгінде бұл мекен бірнеше буын оқырманның тәрбиесіне олжа салған, аймақтағы беделді де берекелі руханият бесігіне айналып отыр.

Мерейтойлық салтанатқа Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев, мемлекеттік мекеме басшылары, қаланың Құрметті азаматтары, ақын-жазушылар, мәдениет саласының өкілдері, ардагер кітапханашылар мен тұрақты оқырмандар қатысты.

Мерекелік жиынның шымылдығын ашқан қала әкімі Мұрат Бөрібаев ұжымды айтулы белеспен құттықтап, олардың мәдениет пен руханиятты дамыту жолындағы қажырлы еңбегіне жоғары баға берді.

– Кітапхана — тек білім ордасы ғана емес, ұлттың кодын, тілі мен ділін сақтап, келер ұрпақтың санасына сіңіретін қасиетті руханият мекені. 20 жыл ішінде бұл шаңырақ Сәтбаев қаласының мәдени келбетін айшықтап, мыңдаған балдырғанның қиялына қанат бітірді. Осындай қажырлы да табанды еңбектеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Мерейлі белестеріңіз құтты, кітап сүйер жас оқырмандарыңыз көп болсын!, – деді Мұрат Ерболатұлы.

Одан әрі өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар кітапхана қызметкерлері қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында балалар мен жасөспірімдер кітапханасының сектор меңгерушісі Мергүл Үрпіш, кітапхана әдіскері Бибігүл Толқымбекова, библиограф Әлия Шегебаева және кітапхананың бас есепшісі Арайлым Оспан болды.

Рухани кеште Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасының және Сәтбаев қаласының мемлекеттік архивінің өкілдері де ақжарма тілегін арнап, кітапхананың қоғамдағы ізгілік құндылықтарын насихаттаудағы маңызына тоқталып, әріптестеріне арнайы марапаттар табыс етті. Өз кезегінде сөз алған кітапхана басшысы Гүлбану Шахманова мерейтойға арнайы келген қонақтарға шынайы алғысын білдіріп, Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің атынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырды.

Мерекенің сәнін келтіріп, мазмұнын байытқан әдеби-музыкалық бағдарлама жиылған қауымды ерекше әсерге бөледі. Кітапхана қызметкерлері қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларынан үзінділер оқып, ұлт руханиятының асыл қазынасынан сыр шертті. Сахнада тебірене оқылған жыр жолдары мен көркем әдеби композициялар көрермендердің жүрегіне жол тауып, терең ойға жетеледі. Кештің басты кейіпкерлері – кітапхананың жас оқырмандары болды. Балғын өнерпаздар әуезді ән шырқап, поэзиялық қойылымдар арқылы өз өнерлерін паш етті. Балалардың шынайы талпынысы мен сахнадағы еркіндігі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Жиырма жылдық беделді тарихы бар Балалар мен жасөспірімдер кітапханасы бүгінде тек кітап қоры сақталатын орын ғана емес, ауқымды мәдени-ағартушылық жобалар жүзеге асатын, оқырман мен қаламгерді, кітап пен қоғамды тоғыстыратын рухани орталыққа айналды. Бұл – кітапхана ұжымының тынымсыз еңбегі мен оқырман қауымының кітапқа деген сүйіспеншілігінің жемісі.

«Кітап – адамзаттың рухани қазынасы» десек, сол қазынаны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттап келе жатқан алтын ұяның мерейтойы – бүкіл қала жұртшылығы үшін ортақ мереке. Руханият саласындағы игі бастамалар еселеніп, кітап пен оқырман арасындағы алтын көпірдің ғұмыры мәңгілік болғай!

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …