Сәтбаев қаласындағы жеке секторды аралау барысында Аманжолов көшесінің тұрғындары жолдың жай-күйі мен жерасты суларына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Тұрғындардың айтуынша, жолдың тиісті деңгейде болмауы күнделікті жүріп-тұруға қиындық туғызса, жерасты суларының үйлерге жақындауы тұрғындардың тұрмысына қолайсыздық келтіруде.
Бұл жағдай жол жөндеу жұмыстарының тек асфальт төсеумен шектелмейтінін көрсетеді. Инфрақұрылымдық мәселені түпкілікті шешу үшін ең алдымен аумақтағы су бұру және дренаж жүйесінің жағдайын ретке келтіру қажет. Яғни, жоспарға сәйкес, алдымен «СПТВС» кәсіпорны дренаж жүйесін ауыстырып, тиісті инженерлік жұмыстарды жүргізуі тиіс. Бұл кезең жолдың астындағы инженерлік инфрақұрылымды қалыпқа келтіруге және жерасты суларының әсерін азайтуға бағытталған. Мұнан кейін жолдың техникалық негізін дайындау мәселесі шешіледі. Келесі жылы жолдың қазіргі деңгейін шамамен 15 сантиметрге төмендету үшін топырақ қабатын алу жоспарланып отыр. Бұл жұмыс жолдың қажетті биіктігін қалыптастыруға және оның кейінгі пайдаланудағы тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Осы тұрғыдан алғанда, дәл қазір асфальт төсеу экономикалық әрі техникалық жағынан тиімсіз. Себебі дренаж жүйесі жаңартылмай, жол негізі толық дайындалмай тұрып төселген асфальт ұзақ мерзімді нәтиже бермеуі мүмкін. Инженерлік жұмыстардың кейін жүргізілуі жаңадан салынған жол жабынының бұзылуына, қосымша шығындардың пайда болуына әкелуі ықтимал, – дейді мамандар.
Сала мамандарының айтуынша, бұл жағдайда басты қағида – жұмысты жылдам аяқтау емес, оны технологиялық талаптарға сай дұрыс орындау. Дренаж жүйесін жаңарту, жол негізін дайындау, топырақтың табиғи отыруын күту және содан кейін ғана асфальт төсеу – жолдың сапасы мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етудің қисынды алгоритмі.
Мәселенің тағы бір маңызды қыры – тұрғындармен ашық коммуникация орнату. Жолдың бірден жөнделмеу себебі түсіндіріліп, жұмыстың кезеңдері мен олардың қажеттілігі тұрғындарға жеткізілді. Нәтижесінде тұрғындар да инженерлік жұмыстар аяқталмай тұрып асфальт төсеудің тиімсіз екенін түсініп, ұсынылған тәсілмен келісті.
Аманжолов көшесіндегі жағдай қаланың жеке секторындағы инфрақұрылымды жаңғырту кезінде кешенді тәсілдің қажеттігін аңғартады. Жолдың сапасы тек асфальттың қалыңдығымен емес, оның астындағы инженерлік жүйелердің жағдайымен де тікелей байланысты.
Сондықтан мұндай жобаларда мәселені уақытша жасыруға емес, оның негізгі себебін жоюға басымдық берген жөн. Дренаж бен жол негізі талапқа сай дайындалған жағдайда ғана кейінгі асфальттау жұмыстары тиімді әрі ұзақ мерзімді нәтиже береді. Бұл тәсіл тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға да мүмкіндік береді.
Ізбасар Ойбас.
Шарайна


