Халықаралық қарттар күні қарсаңында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қызметкерлерінің «Jastar Bolashaq» Жастар одағының ұйымдастыруымен «Ұрпақтар жалғастығы мен сабақтастығы» атты кездесу өтті. Өндірістің талай белесін көрген ардагерлерді, бүгінде кәсіпорында еңбек етіп жүрген жас мамандарды және болашақ мамандығын таңдауға қадам басқан колледж студенттері мен мектеп оқушыларын бір ортаға тоғыстырған бұл жүздесу өзара тәжірибе алмасып, еңбек дәстүрін кейінгі буынға жеткізуге арналған мазмұнды шараға айналды.
Қарттар күні – үлкенді сыйлауға, өмір жолы қалыптасқан аға буынның еңбегін бағалауға үндейтін айтулы күндердің бірі. Оның мәні бір күндік құттықтаумен ғана шектелмейді. Бұл мереке – қоғамның бүгінгі жетістігінің артында кешегі ұрпақтың еңбегі тұрғанын еске салатын мүмкіндік. Әсіресе өндірісімен, кеншілігімен және металлургиясымен танылған Ұлытау өңірінде еңбек адамына деген құрметтің орны бөлек.
Осыған орай «Айшуақ» кафесінде жайылған дастархан басында үш буын бас қосты. Бір дастарханның айналасында өмірінің талай жылын кеніш пен өндіріс саласына арнаған ардагерлер, олардың ізін жалғап жүрген жас мамандар және ертеңгі кәсіби жолын енді айқындап келе жатқан жастар отырды. Жас айырмашылығы бөлек болғанымен, оларды біріктірген ортақ құндылық – еңбекке деген құрмет, туған жерге деген жауапкершілік және кейінгі ұрпаққа өнеге қалдыру.
Мұндай кездесудің мәні де осында. Себебі ұрпақтар сабақтастығы – тек үлкеннің ақылын тыңдап, жастың сұрақ қоюымен шектелмейді. Оның астарында өткенді тану, бүгінді бағалау және болашаққа жауапкершілікпен қарау ұғымы жатыр. Әсіресе кен өндіру мен металлургия қатар дамыған Ұлытау өңірі үшін бұл мәселенің маңызы айрықша. Өйткені өлкенің тарихы кеніштер мен өндіріс орындарының шежіресімен ғана емес, сол өндірісті қалыптастырып, талай жыл бойы алға сүйреген еңбек адамдарының тағдырымен тығыз байланысты.
Кездесу барысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров сөз сөйлеп, аға буынның қоғамдағы орнына тоқталды. Ол еңбек ардагерлерінің кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі қашанда бағалы екенін атап өтіп, осындай жүздесулердің маңызын айрықша атап өтті. Келесі болып Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендерінің иегері Тұрсынбек Макишев сөз алып, жастарға ізгі тілегін білдірді. Еңбегі ел деңгейінде жоғары бағаланған азаматтың өмір жолы жас ұрпақ үшін кәсіби табандылық пен еңбекке адалдықтың жарқын үлгісі екені сөзсіз. Сондай-ақ, қала әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Амангелді Құрақбай және «Jastar Bolashaq» Жастар одағының төрағасы Луиза Мыңбаева да жиналғандарды Халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Жиында аға буынға құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдағы белсенді рөлі мен кейінгі ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы сөз болды.
Кездесудің ең әсерлі тұстарының бірі – ардагерлермен еңбек жолының бастауы жайында жүргізілген ашық сұхбат болды. Жастар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, өндірістегі еңбек жағдайы, мамандықтың қыр-сыры, алғашқы жұмыс күндері мен кәсіби жолда кездескен қиындықтар туралы сұрады. Ардагерлер өз кезегінде еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісіп, өндірісте шыңдалған жылдарын еске алды. Жастардың қойған сауалдары да олардың өндіріс саласына деген қызығушылығын аңғартты. «Кенші, металлург жұмысының ең қызықты тұсы қандай?», «Еңбек жолын бастағанда қандай қиындықтар болды?», «Жас маманға қандай қасиеттер қажет?» деген мазмұндағы сұрақтар арқылы оқушылар өздеріне қажетті мағлұмат алуға тырысты. Бұл сұрақтардың өзі бүгінгі жас буынның мамандық таңдауға бейжай қарамайтынын көрсетеді. Ал ардагерлердің шынайы әңгімесі – кез келген теориялық ақпараттан әлдеқайда әсерлі. Өйткені кәсіптің ерекшелігін оны жылдар бойы атқарған адамның өз аузынан есту жасөспірім үшін үлкен тәжірибе.
Кезінде өндірістің қайнаған ортасында жүріп, талай жас маманды тәрбиелеген ардагерлер үшін мұндай кездесулердің орны ерекше. Өйткені олардың естелігі – өткен күннің сағынышы ғана емес, кәсіби тәжірибенің қайнар көзі. Кеше өндіріс алаңында қалыптасқан дәстүр бүгінгі жас мамандардың еңбегімен жалғасып келеді. Ал ертең бұл жастардың өздері кейінгі буынға жол көрсететін аға мамандарға айналады.
Адамның еңбек жолы – уақытпен өлшенетін кезең ғана емес, оның қоғамға қосқан үлесін айқындайтын үлкен мектеп. Сол мектептен өткен азаматтарды құрметтеу – кейінгі ұрпақтың парызы. Ал олардың өнегесін жастарға жеткізу – аға буынның асыл аманатын жалғастырудың бір жолы.
«Ұрпақтар жалғастығы мен сабақтастығы» атты кездесудің басты құндылығы да осында. Осындай кездесулер еңбек дәстүрінің үзілмеуіне, жас мамандардың кәсіби ортаға тез бейімделуіне, жастардың мамандық таңдауға жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Аға буынның өнегесі мен жастардың талпынысы тоғысқан жерде болашаққа деген сенім де нығая түседі. Өйткені бүгінгі жетістік – кешегі еңбектің жемісі, ал ертеңгі биік белестер – бүгінгі ұрпақтың қолында.
Беттің материалдарын дайындаған Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.
Шарайна




