Пятница, 30.10.2026

BUSINESSGO – БИЗНЕСТІ ЦИФРЛАНДЫРУДАҒЫ ЖАҢА ҚАДАМ

Елдегі ауқымды цифрландыру саясаты аясында отандық бизнес ортада маңызды жаңалық орын алды. Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында микро, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «BusinessGO» цифрлық экожүйесінің ресми таныстырылымы өтті.

Мемлекет басшысының экономиканы заманауи технологиялар арқылы жаңғырту жөніндегі тапсырмаларына сай жүзеге асырылып жатқан бұл жоба аймақтағы іскерлік белсенділікті жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

Салтанатты шара аясында Елордадан онлайн форматта қосылған жобаны әзірлеуші мамандар мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы өңір кәсіпкерлеріне жаңа платформаның негізгі артықшылықтарын жан-жақты түсіндіріп берді.

BusinessGO – кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қажетті ең маңызды заманауи цифрлық сервистерді бір арнаға тоғыстырған бірегей жүйе. Бұл платформа арқылы кәсіпкерлер онлайн-касса жұмысын ұйымдастыруды, тауарлық есепті егжей-тегжейлі жүргізуді, сондай-ақ фискалдық деректер операторымен (ФДО) өзара әрекеттесуді толықтай автоматтандыра алады. Сервистің қарапайым әрі қолайлы интерфейсі күнделікті операциялық үдерістерге кететін уақыт пен ресурсты едәуір үнемдеп, бизнесті басқаруды жеңілдетеді.

Сондай-ақ, шараға қатысқан жергілікті кәсіпкерлер мен мамандар жаңа жүйеге қатысты көкейкесті сұрақтарын қойып, өз пікірлерін білдірді. Жиын барысында жаңа платформаның қаржылық есептің ашықтығын қамтамасыз етудегі және адами факторға байланысты қателіктерді азайтудағы рөлі жоғары бағаланды.

Заман талабына сай әзірленген BusinessGO экожүйесін енгізу – еліміздегі цифрлық кәсіпкерлікті дамытудағы елеулі қадамдардың бірі. Ол отандық бизнес өкілдеріне өз кәсібінің тиімділігін арттыруға, нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға және цифрлық мүмкіндіктерді толыққанды пайдалана отырып, ісін жаңа белестерге көтеруге кең жол ашады.

Марал Шахаева.

Проверьте Также

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ: КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Құрылыс, логистика және көлік мәселелері жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Кездесудің …