Пятница, 30.10.2026

АҚПАРАТТАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК – ҚОҒАМ АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТ

Ұлытау облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Жезқазған қаласында «Ақпарат, нарратив, жауапкершілік: зайырлы қоғамның медиадағы бейнесі» тақырыбында семинар өтті. Басқосуға Жезқазған және Сәтбаев қалаларында дін саласына қатысты мәселелерді жариялап жүрген журналистер, бұқаралық ақпарат құралдарының және ақпараттық ресурстардың өкілдері қатысты.

Семинардың негізгі мақсаты – дін, зайырлылық, діни бірлестіктер, конфессияаралық қатынастар және қоғамдағы құндылықтар тақырыптарын ақпарат кеңістігінде сауатты әрі жауапкершілікпен жариялаудың маңызын түсіндіру, журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.

Іс-шараны Ұлытау облысының дін істері басқармасының басшысы Дулат Төлегенов ашып, қазіргі ақпараттық кеңістіктегі журналист жауапкершілігінің маңызына тоқталды.

– Бүгінгі таңда ақпарат құралдары қоғамдық пікір мен азаматтардың белгілі бір мәселеге қатысты көзқарасын қалыптастыруда айрықша рөл атқарады. Әсіресе дін мен зайырлылық секілді қоғам үшін маңызды әрі сезімтал тақырыптарды жариялау кезінде кәсіби ұстаным мен жауапкершіліктің орны бөлек. Ақпаратты ұсыну тәсілі, таңдалған тақырып, қолданылған сөздер мен визуалды материалдар аудиторияның белгілі бір мәселені қабылдауына әсер етуі мүмкін. Сондықтан журналист үшін ақпараттың нақтылығы мен объективтілігімен қатар, оның қоғамға ықтимал әсерін де ескеру маңызды. Бүгінгі семинар осы мәселелерді талқылауға, журналистік тәжірибемен бөлісуге және ақпараттық материалдарды дайындаудағы кәсіби тәсілдерді жетілдіруге мүмкіндік береді деп сенемін, – деді басқарма басшысы Дулат Төлегенов.

Семинар жұмысы арнайы шақырылған спикер – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Толғанай Мустафинаның дәрісімен жалғасты. Ол ақпаратты таратудағы журналистің рөліне, медиада қалыптасатын нарративтердің ерекшеліктеріне және зайырлы қоғамның бейнесін ақпараттық кеңістікте дұрыс қалыптастыру мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Спикер өз сөзінде журналистің кез келген ақпаратты тек жеткізуші ғана емес, қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал ететін маңызды тұлға екенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, дін тақырыбындағы материалдарды әзірлеу кезінде дереккөздерді мұқият таңдау, ұғымдар мен терминдерді дұрыс қолдану, ақпараттың мазмұнын бұрмаламау және мәселені біржақты бағалаудан аулақ болу қажеттігі айтылды.

Семинар барысында дін және зайырлылық тақырыптарын жариялау кезінде журналистер жиі кезігетін практикалық мәселелер жан-жақты талқыланды. Қатысушылар нақты мысалдар негізінде ақпараттық материалдарға талдау жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар күрделі әрі сезімтал тақырыптарды оқырманға түсінікті тілмен жеткізу, эмоциялық сипаттағы тұжырымдардан бас тарту, ақпарат пен пікірдің аражігін ажырату, фактілерді нақтылау және тақырыптың қоғамға ықпалын ескеру мәселелеріне назар аударылды.

Басқосуда қазіргі медиадағы ақпарат тарату жылдамдығы артқан сайын журналистің жауапкершілігі де күшейе түсетіні сөз болды. Әсіресе әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар кеңінен қолданылатын бүгінгі кезеңде тек ақпараттың жеделдігіне емес, оның сапасы мен шынайылығына басымдық беру қажеттігі атап өтілді. Өйткені дін, діни сенім және конфессияаралық қатынас секілді мәселелерге қатысты қате немесе дәлелсіз ақпарат қоғамда түсінбеушілік туғызып, қалыптасқан пікірге кері әсер етуі мүмкін.

Осы ретте семинар қатысушылары журналистік материал әзірлеу барысында кәсіби әдеп нормаларын сақтау, бейтараптық пен объективтілікті ұстану, әртүрлі пікірлерді тең қамту және ақпаратты аудиторияға барынша түсінікті әрі сауатты түрде жеткізу жолдарын талқылады. Пікір алмасу барысында журналистер өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, дін саласындағы ақпаратты жариялауға қатысты өзекті мәселелер бойынша арнайы маманмен ой бөлісті.

Семинар соңында қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан Сертификаттар табысталды.

Мұндай кездесулер журналистердің кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, қоғамда дін мен зайырлылық туралы дұрыс түсінік қалыптастыруға да ықпал етеді. Себебі ақпарат құралдарында көтерілген әрбір тақырыптың қоғамдық маңызы бар. Ал оны сауатты әрі жауапкершілікпен жеткізу – журналистің кәсіби міндеттерінің бірі.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ПОСЛАНИЕ ПРЕЗИДЕНТА: НОВЫЕ ВОЗМОЖНОСТИ ДЛЯ РАЗВИТИЯ БИЗНЕСА

Коллектив Палаты предпринимателей области Ұлытау прослушал Послание Главы государства Касым-Жомарта Токаева.  Послание затрагивает важнейшие вопросы …