Сәтбаев қаласының білім беру ұйымдарында 2026–2027 оқу жылына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Қаладағы 31 білім беру ұйымында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқу кабинеттері мен кітапханалардың материалдық қоры толықтырылды. Ал жаңа оқу жылында 1 400 бүлдіршінді бірінші сыныпқа қабылдау жоспарланып отыр. Осы және білім саласындағы өзге де мәселелер жөнінде Сәтбаев қаласының білім бөлімінің басшысы Берік Базылұлы Ақышбековпен әңгімелескен едік.
– Берік Базылұлы, жаңа оқу жылының басталуына санаулы уақыт қалды. Сәтбаев қаласының білім беру ұйымдарының дайындығы қандай деңгейде?
– Қазіргі таңда қаладағы білім беру ұйымдарының 2026–2027 оқу жылына дайындығы жоспарға сәйкес жүргізілді. Сәтбаев қаласында барлығы 31 білім беру ұйымы бар. Мектеп жанындағы жазғы сауықтыру алаңдарының жұмысы аяқталғаннан кейін, шілде айынан бастап білім беру ұйымдарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Басты мақсатымыз – оқу жылы басталған кезде балаларға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау. Бүгінде мектептерде оқушыларды қабылдауға қажетті жағдай толық қамтамасыз етілді.
– Мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– Бұл бағыттағы жұмыстар білім сапасын қамтамасыз етудің маңызды бөлігі саналады. Сондықтан әр білім беру ұйымындағы сыныптар мен пән кабинеттерінің материалдық-техникалық қоры түгенделіп, қажеттілігіне қарай толықтырылды. Кітапханалардағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің қоры да оқушылар санына сәйкестендірілді.
Өткен 2025–2026 оқу жылында қала мектептерінде 12 182 оқушы білім алды. Осы көрсеткішті ескере отырып, жаңа оқу жылына қажетті оқу әдебиеттері мен құралдарының жеткіліктілігіне назар аударылды.
– Биыл бірінші сыныпқа қабылданатын балалар саны қанша?
– 2026–2027 оқу жылында Сәтбаев қаласының мектептеріне 1 400 баланы бірінші сыныпқа қабылдау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 1 123 баланың құжаты қабылданды. Құжаттарды қабылдау мемлекеттік қызметі республика бойынша 31 тамызға дейін жалғасады.
Бірінші сыныпқа қабылдау – бала үшін де, ата-ана үшін де жауапты кезең. Сондықтан бүлдіршіндердің мектепке бейімделуіне ерекше мән беріп отырмыз.
– Осы орайда «Бүлдіршіндер мектебі» жұмысы ұйымдастырылып жатқанын білеміз. Оның мақсаты қандай?
– Иә, 3 тамыздан бастап жалпы білім беретін мектептерде «Бүлдіршіндер мектебі» жұмысы ұйымдастырылып жатыр. Негізгі мақсат – мектеп табалдырығын алғаш аттайтын балаларды жаңа ортаға бейімдеу.
Бала үшін мектеп – мүлдем жаңа әлем. Сондықтан оның мұғаліммен, сыныптастарымен танысуы, мектеп тәртібіне біртіндеп үйренуі маңызды. Мұндай дайындық балалардың оқу процесіне психологиялық тұрғыдан жеңіл бейімделуіне мүмкіндік береді.
– Жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға қаншалықты көңіл бөлінді?
– Биыл Сәтбаев қаласындағы 12 мектепте мектеп жанындағы сауықтыру алаңдары жұмыс істеді. Бір ерекшелік – С.Сейфуллин атындағы мектепте аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар болмауына байланысты мектеп жанындағы лагерь ұйымдастырылған жоқ.
Мектеп жанындағы сауықтыру алаңдарының бірінші маусымында 916 бала, екінші маусымында 338 бала қамтылды. Екінші маусым Абай атындағы №4 мектепте, Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейде және №15, №25 жалпы білім беретін мектептерде ұйымдастырылды. Ал қала сыртындағы лагерьлерде 156 бала сауықтырылды.
– Балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың тәрбиелік маңызы туралы не айтар едіңіз?
– Жазғы демалыс кезінде оқушылардың уақытын мазмұнды өткізуге қосымша білім беру ұйымдары мен жазғы мектептердің де үлесі зор болды. Мұнда балалар экологиялық, лингвистикалық, ұлттық, спорттық, шығармашылық және басқа да бағыттар бойынша ұйымдастырылған түрлі лагерьлерге қатысып, өз қызығушылықтарын дамытуға мүмкіндік алды.
Мұндай жұмыстардың тәрбиелік мәні де жоғары. Өйткені жазғы демалысты тиімді ұйымдастыру – баланың денсаулығын нығайтумен қатар, оның шығармашылық қабілетін ашуға, жаңа ортада қарым-қатынас жасауына, қоғамдық белсенділігін арттыруға жол ашады.– Жаңа оқу жылында білім саласы үшін қандай міндеттер маңызды?
– Ең басты міндет – балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Бұл үшін тек мектептің материалдық жағдайын жақсарту жеткіліксіз. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі, ата-ананың жауапкершілігі, баланың білім алуға деген ынтасы – барлығы өзара сабақтас.
Сондықтан жаңа оқу жылында білім беру сапасын арттырумен қатар, оқушыға қолайлы орта қалыптастыру, ата-анамен байланысты нығайту, балалардың қабілетін ашуға мүмкіндік беру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.
– Әңгімеңіздің соңында ата-аналарға қандай тілегіңіз бар?
– Ата-аналарға ең алдымен балалардың мектепке дайындығына жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Баланың мектепке баруы – отбасы үшін де маңызды кезең. Оның оқуына қолдау көрсету, ұстазбен тығыз байланыста болу, баланың қызығушылығына көңіл бөлу – жақсы нәтижеге бастайды.
Ал біз, білім саласының мамандары, әр баланың сапалы білім алып, қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне жағдай жасау үшін өз жұмысымызды жалғастыра береміз. Жаңа оқу жылы барлық оқушыға сәттілік, ұстаздарға шығармашылық табыс, ата-аналарға береке әкелсін!
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.
Шарайна
