Пятница, 30.10.2026

ЕГЕМЕНДІК ЕҢСЕСІ, ЕЛДІК БЕЛГІСІ

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай қаламыздағы Оқушылар аллеясында ерекше рух пен терең мағынаға толы салтанатты іс-шара өтті. Азаттығымыздың айшықты белгілері ұлықталған бұл айтулы күнде аллея іші мерекелік көңіл-күйге бөленіп, патриоттық сезімнің асқақ үлгісін көрсетті.

Жиналған қауымның жүзінен Отанға деген шексіз мақтаныш пен құрмет есіп тұрды. Мерекелік шараның шымылдығы еліміздің басты әні – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылып, көк аспанда Елтаңбамызбен көмкерілген Мемлекеттік Туымыз салтанатты түрде көкке көтерілді. Асқақтай шырқалған әнұран мен желбіреген көк тудың үйлесімі жиналған әрбір азаматтың жүрегін тебірентіп, бойына ұлттық мақтаныш сезімін ұялатты. Мұндай маңызды сәттер халықтың бірлігін бекемдеп, егемендігіміздің қадір-қасиетін тереңірек ұғынуға жол ашатыны сөзсіз.

Биылғы атаулы күннің тағы бір ерекшелігі – ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген белсенді азаматтар мен аяулы жандардың еңбегін елеп-ескеру болды. Іс-шара барысында демографиялық өсімге аянбай үлес қосып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп отырған көпбалалы аналарға ерекше құрмет көрсетіліп, олардың омырауларына «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары салтанатты жағдайда тағылды.

Сонымен қатар, қаламыздың гүлденуі жолында адал еңбегімен танылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне зор үлес қосқан білім беру саласының ардақты өкілдері, мінсіз қызмет атқарған мемлекеттік қызметшілер және түрлі мекемелердің белсенді қызметкерлері қала әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұл марапаттар ел үшін аянбай тер төгіп жүрген еңбек адамдарына деген шынайы ризашылықтың белгісі іспетті болды.

Салтанатты жиын соңы қала өнерпаздарының Отан, туған жер және рәміздер туралы әуезді әндерімен, мың бұралған бишілердің рухты қойылымдарымен жалғасып, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады. Жалпы алғанда, бұл мерекелік іс-шара тек думанды жиын ғана емес, мемлекеттік рәміздерге деген ерекше құрметті арттырып, жас ұрпақтың бойындағы патриоттық құндылықтар мен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға, ұлттық сана-сезімді биіктетуге зор ықпал еткен тағылымы мол шара ретінде ел есінде қалды.

Марал Шахаева.

Проверьте Также

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ: КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Құрылыс, логистика және көлік мәселелері жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Кездесудің …