Пятница, 30.10.2026

ЖЕҢІС САЯБАҒЫНДА ЗАМАНАУИ АТТРАКЦИОНДАР ОРНАТЫЛАДЫ

Сәтбаев қаласының тарихында бұрын-соңды болмаған елеулі жаңалық орын алғалы тұр. Жақында қала әкімі Мұрат Бөрібаев инвесторлармен арнайы кездесіп, тұрғындар үшін маңызы зор жаңа жобаны талқылады.

Кездесу барысында қаламызда алғаш рет балаларға арналған заманауи аттракциондар паркін салу туралы шешім қабылданды. Бұл бірегей жоба қаламыздың бас демалыс орны – Жеңіс саябағында жүзеге асады. Жобаның ең басты ерекшелігі сол – оған бюджеттен ешқандай қаражат бөлінбейді. Саябақты жеке инвестор сенімгерлік басқаруға алып, барлық заманауи аттракциондарды толықтай өз қаражаты есебінен орнатады.

Бұл бағытта тәжірибесі мол инвестордың жұмысы көпшілікке жақсы таныс: дәл осы кәсіпкердің аттракциондары Астана қаласындағы «Жетісу саябағында» бірнеше жылдан бері табысты әрі қауіпсіз жұмыс істеп тұр. Тұрғындар үшін ең маңызды мәселе – қауіпсіздік екені даусыз. Бұл ретте аттракциондардың қауіпсіз жұмыс істеуі инвестордың толық жауапкершілігінде болады, сонымен қатар қала әкімдігі тарапынан да тұрақты әрі қатаң бақылау жүргізіліп отырады.

Қала билігі мен инвестордың ортақ мақсаты – сәтбаевтық бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары үшін жайлы, қызықты және қауіпсіз демалыс орнын қалыптастыру. Бұл жобаның жүзеге асуы қалалық ортаның сапасын арттыруға және Сәтбаевтың инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай дамытуға бағытталған тағы бір үлкен қадам болмақ.

Марал Шахаева.

Проверьте Также

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ: КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Құрылыс, логистика және көлік мәселелері жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Кездесудің …