Қаладағы магистральдық жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда. Жұмыстардың сапасы мен орындалу барысын бақылау мақсатында жауапты тұлғалар мердігер ұйымдардың нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Бүгінде «Астанаинжкомстрой» ЖШС жүзеге асырып жатқан учаскедегі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Жылу желілерін толық жаңарту аяқталған соң, қазылған аумақтарды қалпына келтіру, абаттандыру және жол жабынын ретке келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Сондай-ақ, «Сарыағаш-Аман» ЖШС атқарып жатқан нысандағы жұмыстардың да соңғы кезеңі жүзеге асырылуда. Мердігер мекеме белгіленген жоспарға сәйкес жобаны аяқтауға жақындап қалды.
Магистральдық жылу желілерін жаңғырту жобасы қала тұрғындары үшін ерекше маңызды. Себебі жылу жүйелері ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеуден өтпей, әбден тозған болатын. Жаңарту жұмыстарының нәтижесінде апаттық жағдайлардың алдын алу, жылу беру жүйесінің сенімділігін арттыру және тұрғындарды қыс мезгілінде тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту – қаланы кешенді дамытудың басым бағыттарының бірі. Осыған байланысты барлық жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы тұрақты бақылауда болады.
Досан Дулығалы.
Шарайна


