Өткен аптада XXXIV республикалық «Ұлытау үні» фестивалі аясында қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерманның 75 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысы өтті. Өнер мерекесі Сәтбаев қаласындағы Шынболат атындағы кеншілер сарайында ұйымдастырылды.
Ұлттық өнерді ұлықтаған айтулы шарада қазақ айтысының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Жүрсін Ерманға ерекше құрмет көрсетілді. Мерейтой иесіне жерлестері мен облыс әкімі Есет Байкеннің атынан су жаңа автокөлік тарту етілді. Бұл – ақынның шығармашылығына, ел мәдениеті мен айтыс өнеріне сіңірген еңбегіне көрсетілген зор құрметтің айғағы.
Жүрсін Ерман – қазақтың суырыпсалма ақындық өнерін жаңғыртып, айтыстың ұлттық мәдениеттегі орнын нығайтуға айрықша еңбек сіңірген тұлға. Оның есімі қазақ айтысының өркендеуімен, талай таланттың танылуына жол ашқан шығармашылық ізденістермен тығыз байланысты.
Мерейтойға арналған жыр додасына еліміздің әр өңірінен келген 14 белгілі суырыпсалма ақын қатысты. Сөз сайысында ақындар тапқырлық пен шешендіктің, ой тереңдігі мен ұшқыр қиялдың озық үлгілерін көрсетіп, көрерменге рухани әсер сыйлады.
«Ұлытау үні» фестивалі – ұлттық өнерді дәріптеп, халықтың рухани мұрасын жаңғыртатын маңызды мәдени шаралардың бірі. Биылғы фестивальдің Жүрсін Ерманның мерейтойымен сабақтас өтуі де айрықша мәнге ие. Өйткені айтыс өнерінің абыройын асқақтатып, оның жаңа белеске көтерілуіне еңбек сіңірген тұлғаға құрмет көрсету – кейінгі ұрпаққа өнеге.
Ұлытаудағы өнер мерекесі осылайша ұлттық рухты ұлықтап, қазақ сөз өнерінің қадір-қасиетін тағы бір мәрте айшықтады.
Досан Дулығалы.
Шарайна
