Пятница, 30.10.2026

КЕНМЕН ҚАЛАНЫП, ЕҢБЕКПЕН БИІКТЕГЕН ҚАЛА

Кейбір қаланың тарихы жылдармен өлшенеді. Ал Сәтбаевтың тарихы – адам тағдырымен, кеншінің маңдай терімен, елдің ертеңге деген сенімімен өлшенеді. Кеше ғана кеншілер поселкесі болған шаһар бүгінде өз болмысын қалыптастырған, өткенін қастерлеп, келешекке нық қадам басқан қалаға айналды. Бұл – жер қойнауынан байлық алып қана қоймай, сол даладан елдің еңсесін көтерген еңбек пен тағдырлар шежіресі.

Сәтбаев – картадағы атау ғана емес. Бұл – кенмен біте қайнасқан еңбек, маңдай термен жазылған тарих, ұрпаққа аманат болған қала тағдыры. Бүгінгі Сәтбаевтың іргесі 1954 жылы қаланды. Жезқазған кенішінен жеті шақырым жерден кеншілерге арналған жұмысшылар поселкесі бой көтерді. 1956 жылы оған Никольск атауы берілді. Кен өндірісі өрістеген сайын поселкенің де тынысы кеңейді. Кеше ғана жұмысшылар мекені болған шағын елді мекен уақыт өте келе қалаға айналды.

1973 жылдың 25 желтоқсанында Никольскке қала мәртебесі берілді. Бұл – өндірістік аймақтың жаңа белесі еді. Қаланың тағдыры енді кенішпен, шахтамен, өндірістегі тынымсыз еңбекпен тікелей байланысып жатты.

Алайда Сәтбаевтың тарихын тек өндіріс көрсеткіштерімен өлшеу – қаланың шын болмысын толық танымау. Өйткені бұл қаланың тамырында Қаныштың арманы, кеншінің еңбегі, елдің үміті бар.

Қазақ ғылымының алыбы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Жезқазғанның табиғи байлығын ғылыми тұрғыдан зерттеп, оның ел экономикасындағы стратегиялық маңызын дәлелдеуге өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан 1990 жылдың 13 қыркүйегінде Никольск қаласына ғалымның есімінің берілуі – жай ғана атау ауыстыру емес, тарих алдындағы тағзым болды. Содан бері қала Қаныш атымен бірге жасасып келеді.

Сәтбаевтың әр шахтасында еңбек еткен кенші, өндірістің өркендеуіне үлес қосқан инженер, қала мектебінде талай ұрпаққа білім берген ұстаз, науқасқа шипа берген дәрігер – бәрі осы шаһар шежіресінің бір-бір парағы. Қаланың тарихын ғимараттар емес, адамдар жасайды. Кеше олар даланың төсіне қала салды. Бүгін олардың ұрпағы сол қаланы көркейтіп келеді. Ал ертеңгі Сәтбаевтың келбетін білімді, еңбекқор, елжанды жас буын айқындайды.

Бүгінде қала өндірістік дәстүрін сақтай отырып, жаңа кезеңге бет алып отыр. Заманы өзгерді, технология жаңарды, ұрпақ алмасты. Бірақ Сәтбаевтың өзегіндегі құндылықтар өзгерген жоқ: еңбекке адалдық, туған жерге жауапкершілік, бірлік пен жасампаздық. Сәтбаевтың кешегісі – өнеге. Бүгіні – жауапкершілік. Ертеңі – аманат.

Осы орайда мен мына бір мәселеге ерекше тоқтала кеткім келеді. Менің өмірімің үш кезеңі осы қала тарихымен тығыз байланысты десем болады. Мысалы мен 1953 жылы дүниеге келдім. Ал, осы жылы өмірге Никольский пөселкесі де келді. Екінші бір сәйкестік, 1973 жылы пөселкіге қала статусы берілді. Сол жылы мен еңбек жолымды осы қалада бастадым. Үшінші бір кезең, 1990 жылы қалаға Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі берілді. Осы жылы қалада мен 17 жыл редактор болған «Шарайна» газеті ашылды. Осы үш сәйкестік тағдырдың маған берген сиы тәрізді. Мен осы қалада 53 жыл жемісті еңбек еттім. Өсі, шыңдалу кезеңдерінен өттім. Қаланың дамуына, өркендеуіне өзімнің азды көпті үлесімді қосқаныма мақтанамын.

Туған күніңмен, Сәтбаев! Өткенің – ел тарихының бір бөлігі. Бүгінің – тынымсыз еңбектің жемісі. Ал болашағың – осы қалада арманы бар, елге қызмет етуді мақсат еткен ұрпақтың қолында.

Майра Жапбасбаева.
Ақпарат және денсаулық саласының ардагері.

Проверьте Также

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ: КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Құрылыс, логистика және көлік мәселелері жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Кездесудің …