Пятница, 30.10.2026

ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ, ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қала әкімі Мұрат Бөрібаевтың төрағалығымен кеңейтілген аппараттық жиналыс өтті. Басқосуға мемлекеттік мекемелердің, қала кәсіпорындарының басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиында жаңа оқу жылына дайындық, қоғамдық тәртіпті сақтау, әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, шағын және орта бизнес нысандарын абаттандыру, сондай-ақ қаланың өзекті мәселелері қаралды.

Жиын кадрлық тағайындаулардан басталды. Сәтбаев қаласының емханасы директоры қызметіне Махаббат Сейсенбекқызы Ерденова тағайындалды. Ол 1988 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина университетін «Жалпы тәжірибелік дәрігер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2012 жылы Сәтбаев қаласының емханасында дәрігер болып бастап, кейін осы мекемеде ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін басқарды. 2023–2025 жылдары медицина бөлімі бойынша директордың орынбасары қызметін атқарып, тағайындауға дейін емхана директорының міндетін атқарушы болды.

Сондай-ақ Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасының Сәтбаев қаласындағы филиалына Айнұр Ыдырысқызы Қасымова директор болып тағайындалды. 1980 жылы Жезқазған қаласында туған А.Қасымова жоғары білімді. Еңбек жолын 2004 жылы жеке кәсіпкерде әкімші болып бастап, кейін білім беру саласында түрлі қызметтер атқарған.

Бұдан соң аииарт жиыны күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады. Алғашқы мәселе – 2026–2027 оқу жылына дайындық. Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалған тұста білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық және санитарлық жағдайы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Қала басшылығы тиісті қызметтерге дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Жиында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және әкімшілік айыппұлдарды өндіру мәселесі де талқыланды. Бұл бағытта полиция қызметінің атқаратын жұмысы, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мәселелері назарға алынды. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық азаматтардың ортақ жауапкершілігі екені атап өтілді.

Бұдан бөлек, шағын және орта бизнес нысандарын абаттандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Кәсіпкерлік нысандардың қаланың жалпы келбетіне әсері бар. Сондықтан олардың айналасын таза ұстау, санитарлық талаптарды сақтау және іргелес аумақтарды абаттандыру – кәсіп иелерінің де жауапкершілігі.

Осы орайда қала әкімі «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты. Қала аумағындағы кейбір мекеме ғимараттарының айналасында арамшөптердің басуы, қоқыстың уақытылы жиналмауы және абаттандыру деңгейінің төмендігі сынға алынды.

«Қала – барлығымызға ортақ» деген ұстанымды алға тартқан қала басшылығы әр мекеме мен ұйым өзіне тиесілі аумақты тұрақты түрде күтіп ұстауы қажеттігін атап өтті. Тазалықты тек сенбілік немесе акция кезінде ғана емес, күнделікті жұмыстың бір бөлігіне айналдыру маңызды. Арамшөптерді уақытылы шабу, қоқысты жинау, ғимарат маңын ретке келтіру секілді қарапайым жұмыстардың өзі қаланың көркін айқындайды.

Аппараттық жиында қаладағы жол жөндеу және алдағы жылу маусымына дайындық барысы да жедел сұрақтар қатарында қаралды. Тиісті сала басшылары атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Жол жөндеу жұмыстарының белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуі, барлық учаскелердің мерзімінде аяқталуы және тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы бақылауда екені айтылды.

Жиын соңында қоғамдық-саяси мәселеге де назар аударылды. Қала басшысы еліміздегі конституциялық реформаларға байланысты жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге тоқталып, алдағы сайлаудың маңызын атап өтті.

Кеңейтілген аппараттық жиналыстың қорытындысында жауапты мемлекеттік органдар мен мекеме басшыларына көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді. Оқу жылына сапалы дайындық, қоғамдық тәртіпті сақтау, қаланың тазалығы мен абаттандырылуы, жол және жылу инфрақұрылымының әзірлігі – алдағы кезеңдегі басты міндеттер қатарында қалатыны атап өтілді.

Жалпы, аппараттық жиында талқыланған мәселелердің барлығы қала тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей қатысты. Сондықтан берілген тапсырмалардың уақытында орындалуы мен нәтижесінің нақты болуы – қаланың тұрақты дамуының маңызды шарты.

Ізтай Белгібайұлы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …