Биыл қаламызда тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды абаттандыру және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шаһардың заманауи келбетін қалыптастырып, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта құруды көздейтін жобалардың барысымен таныстыру мақсатында қала әкімі Мұрат Бөрібаев өңір журналистерімен бірге арнайы пресс-тур өткізді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан көшпелі шара аясында қаланы көгалдандыру, жылу желілерін жаңарту және жол жөндеу жұмыстары таныстырылды.
«Жасыл дәліз» – қаланың жаңа келбеті
Баспасөз турының алғашқы нысаны қалаға кіреберістен бастау алатын «Жасыл дәліз» жобасы болды. Бұл маңызды бастама шаһардың экологиялық ахуалын жақсартып, сырттан келетін қонақтарға көркем әрі жайлы әсер сыйлауды мақсат етеді.
Жоба аясында кіреберіс аумаққа үш қатар етіп 1400-ден астам ағаш көшеті отырғызылды. Қазіргі таңда көшеттердің жерсінуі мен тамыр жаюы тұрақты бақылауда. Мамандардың айтуынша, ағаштардың дұрыс өсуі үшін барлық қажетті күтім жұмыстары жүргізілуде. Суару жүйесін тиімді ұйымдастыру мақсатында жол бойымен арнайы құбырлар тартылып, заманауи автосуару жүйесі орнатылуда. Сонымен қатар су қорын қамтамасыз ету үшін арнайы ұңғымалар қазылып, сыйымдылығы 50 текше метр болатын резервуарлар қойылуда. Бұл өз кезегінде жасыл желектің күтімін жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді. Осылайша жоба толық жүзеге асқанда қала кіреберісі жасыл желекке оранып, экологиялық жағынан да, эстетикалық тұрғыдан да ерекше аймаққа айналмақ.
Ұлытау көшесі гүлдене түседі
Қаланы көгалдандыру жұмыстары Ұлытау көшесінде де жалғасып жатыр. Бұл аумақта ескі темір қоршаулар кезең-кезеңімен алынып, олардың орнына 6600 түп бөртегүл көшеттері отырғызылды.
Бөртегүл – тек сәндік өсімдік қана емес, сонымен қатар экологияға оң әсер ететін жасыл желек түрі. Ол ауаны тазартып, шаң-тозаңды азайтуға ықпал етеді. Әсіресе жаз мезгілінде қала тұрғындары үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыруда маңызы зор.
Қазіргі таңда көшеттерге күнделікті күтім жасалып, тұрақты түрде суару жұмыстары жүргізілуде. Абаттандыру шаралары алдағы уақытта да жалғасып, жасыл аймақтардың көлемі кезең-кезеңімен ұлғайтылмақ.
Қысқа дайындық: Жылу желілері жаңартылуда
Қыс мезгілінде тұрғындарды үздіксіз әрі сапалы жылумен қамтамасыз ету – әкімдіктің басты міндеті. Сол себептен баспасөз турының келесі нүктесі қаланың маңызды инфрақұрылымдық нысандарының бірі – жылу магистралдарының жөндеу жұмыстары болды. Қала әкімі Мұрат Бөрібаев тозығы жеткен жылу құбырларын ауыстыру процесін тілшілерге көрсетіп, қалада тек абаттандыру ғана емес, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да қарқынды қолға алынғанын айтты.
– Биылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды. Бүгінгі күні №1 және №2 магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жобасының маңызы ерекше. Жоба аясында жалпы ұзындығы 8 шақырым және 2,6 шақырым болатын жылу желілері толық жаңартылуда. Құрылыс жұмыстарын «Сарыағаш-Аман» ЖШС мен «Астанаинжкомстрой» ЖШС мердігер ұйымдары жүзеге асыруда. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін қала тұрғындарының шамамен 60 пайызы сапалы әрі тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Бұл, әсіресе, қыс мезгілінде қала тұрғындарының қысылмай, жылы үйде отыруына, сондай-ақ жылу беру сапасын арттырып, апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан мердігер мекемелерге жұмысты бекітілген кестеге сай әрі сапалы аяқтауды қатаң тапсырдым, – деді қала басшысы Мұрат Ерболатұлы.
Сапалы жол – қауіпсіздік кепілі
Бұдан кейін пресс-тур қатысушылары қала көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Биыл жол инфрақұрылымын дамыту бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Шаһардың орталық көшелері ғана емес, шеткері аймақтар мен қалаішілік жолдар да назардан тыс қалмаған. Соның бірі – «Мұрагер» мейрамханасынан бастап Абай көшесіне дейінгі жолдың орташа жөндеу жұмыстары.
Ұзындығы 730 метр болатын жол учаскесінде ескі бордюрлер ауыстырылып, жолдың негізі ірі түйіршікті асфальтобетонмен тегістелуде. Сонымен қатар қалыңдығы 6 сантиметр болатын ЩМА асфальтобетон жабыны төселмек. Жалпы құны 123 миллион теңгені құрайтын жоба аясында тек қана жол төсемі жаңартылып қоймай, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар да салынуда. Жалпы, биыл қала бойынша 25 көшеге асфальт төсеу жоспарланған, оның 19-на қаржы толық бөлінді. Бұл жұмыстар көлік қозғалысын реттеп, жол қауіпсіздігін арттыруға, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Пресс-тур барысында қала әкімі Мұрат Бөрібаев журналистердің сұрақтарына ашық жауап беріп, әрбір жобаның қаржыландырылуы мен орындалу мерзімдерін нақты атап өтті. Сондай-ақ барлық жобалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталғандығын және әрбір нысанның жұмысы жеке бақылауында екендігін жеткізді.
Қалада атқарылып жатқан бұл ауқымды жұмыстар – жай ғана құрылыс емес, тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне құйылған үлкен инвестиция.
Сондықтан, қала тұрғындарынан жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына сабырлықпен қарап, қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз. Әсіресе, жаңадан отырғызылған ағаш көшеттерді қорғау мен абаттандырылған аумақтарды күтіп ұстау – бәрімізге ортақ міндет. Тазалық пен тәртіп – табалдырықтан емес, әр адамның жанашыр жүрегінен басталады. Тәртіп бар жерде – береке бар. Қаламыздың дамуына бірге үлес қосайық!
Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.
Шарайна
