15 мамыр – Халықаралық отбасы күні мерекесінде сәтбаевтықтар үшін үлкен қуаныш орын алды. Бұл күні мемлекетіміздің әлеуметтік қолдау саясаты аясында тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтерлердің кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Бүгінде елімізде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдаудың түрлі тетіктері мемлекеттік деңгейде қарастырылуда. Заңнамаға енген өзгерістерге сай, жаңа «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру қағидалары» бекітілген болатын. Аталған құжатқа сәйкес, енді тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар жергілікті атқарушы органдар тарапынан арендалық баспанамен қамтылады. Одан бөлек, 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген кредиттік пәтерлер де ұсынылуда. Ең бастысы, кезектегілерді түгендеу және пәтер бөлу қызметі толықтай «Отбасы банк» қолдау институты арқылы ашық әрі жүйелі түрде жүзеге асады.
Міне, осы жаңа ережеге сай өткен аптада Сәтбаев қаласында алғашқы арендалық пәтерлердің кілті табысталды. Жалпы былтырғы жылы қала әкімдігі тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін 60 пәтер сатып алған болатын. Соның тең жартысы, яғни 30 пәтері Наурыз көшесі, 10 мекенжайында орналасқан. Наурыз көшесіндегі 5 қабатты, 30 пәтерлі су жаңа тұрғын үйді сатып алуға бюджеттен 628 миллион 762 мың 500 теңге жұмсалған. Бұл үй пайдалануға берілгеннен кейін, Сәтбаев қаласының әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ арасындағы ынтымақтастық келісіміне сәйкес барлық құжаттар аталған банкке жолданып, заңды рәсімдерден өткен.
Салтанатты шарада аталған үйден 26 отбасына пәтер кілттері табысталды. Сүйінші хабар ең алдымен қоғамның қолдауына зәру жандарға жетті. Баспаналы болғандардың ішінде 7 – толық емес отбасы, 6 – мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасы, 4 – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, 4 – жесір ана және 5 – І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар бар.
Жаңа қоныс иелерін құттықтап, пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстау үшін ортаға Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков шықты. Аймақ басшысы өз сөзінде мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік көмектердің маңыздылығына тоқталып, жаңа үйге көшкен отбасыларға бақ-береке тіледі.
– Облысымыз құрылғаннан бері 365 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал биыл 100 мың шаршы метрге жуық баспананың құрылысы аяқталады деп күтілуде. Бұл тағы 800-ден астам отбасының жаңа қонысқа ие болуына мүмкіндік береді. Бүгінгі Отбасы күні мерекесінде сіздердің шаңырақтарыңыздың кеңейіп, өз үйлеріңізге қол жеткізулеріңіз – үлкен қуаныш. Мемлекет әрқашан әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың қасынан табылады. Жаңа үйлеріңіз құтты, шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын!, – деді Дастан Адайұлы.
Мереке күні өз үйінің табалдырығын аттап, көздеріне қуаныш жасы үйірілген жерлестеріміздің бақытты сәттері жиналғандардың барлығын тебірентті. Олардың қатарында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша баспаналы болған Максим Фоменко да бар.
– Баспаналы болуды келіншегім екеуміз көптен күттік. Мен 2010 жылдан бері, яғни тура 16 жыл бойы кезекте тұрдым. Бүгін міне, өз үйіміздің кілтін қолымызға алғанда, қуанышымызды жасыра алмай, көзімізге жас алдық. Бұл біз үшін зор бақыт! Мемлекетке, облыс және қала басшылығына, сондай-ақ осы игі іске атсалысқан барша азаматтарға барлық қоныс иелерінің атынан шексіз алғысымды білдіремін, – деді Максим қуаныштың көз жасын сүртіп тұрып.
Бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі – осындай нақты нәтижелерден анық көрінеді. Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған жаңа қағидалардың қабылдануы мен пәтер бөлу қызметінің «Отбасы банк» сияқты сенімді операторға берілуі – жүйенің ашықтығы мен әділдігін арттырды. Бұл реформалар баспана кезегінің тез жылжуына септігін тигізіп, мемлекеттік көмектің шынайы мұқтаж жандарға уақытылы жетуін қамтамасыз етіп отыр. Ең бастысы, мұндай бағдарламалар әлеуметтік осал топтағы азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, қоғамдағы тұрақтылықтың кепіліне айналуда. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.
Шарайна
