Өңірімізде ескі және апатты тұрғын үйлерді жаңарту бағытында жүйелі және кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы жергілікті билік пен инвесторлардың бірлескен бастамалары аясында белгілі болды.
Тұрғын үй қорын жаңғырту жобаларын іске асыру мақсатында Қытай Халық Республикасының China–Kazakhstan Silk Road Yuntu (Xi’an) Technology Development Co., Ltd компаниясымен бірқатар мазмұнды кездесулер өткізілді. Кездесулер барысында өңірдегі тозығы жеткен үйлердің нақты жағдайы талданып, жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жолдары жан-жақты қарастырылды.
Облыс әкімдігі мен инвестор арасындағы келісімдер нәтижесінде «Бақытты қала» жобасы шеңберінде «Ұлытау» ӘКК» АҚ тұрғын үй қорын жаңарту бойынша меморандумға қол қойды. Бұл – өңірдің тұрғын үй инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған стратегиялық қадамдардың бірі.
Жобаны іске асырудың алғашқы кезеңінде Сәтбаев қаласындағы бірнеше үй қарастырылды. Атап айтқанда – Гурбы көшесі, 4-үй және 6-үй, Сәтбаев көшесі, 74–76 мекенжай.
Бұл үйлерде апатты жағдайдағы пәтерлер мен бос тұрған нысандар толық жаңартылатын болады. Жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру тетіктері тұрғындармен ашық диалог арқылы нақтыланды. Әрбір шешім әлеуметтік әділеттілік пен өмір сапасын арттыру қағидаттарына негізделіп қабылданды.
«Бақытты қала» жобасы тек тұрғын үйлерді жөндеумен шектелмейді. Оның мақсаты – қалалардың келбетін жаңарту, заманауи және қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру. Жобаның жүзеге асуы тұрғындар үшін жайлы және қауіпсіз пәтерлердің санын арттырады, апатты үй мәселесін кезең-кезеңімен шешеді, қала инфрақұрылымын жаңартып, урбанистикасын жақсартады.
– Жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасады. Әр кезеңде нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін апатты үйлерді жаңарту жұмыстары сапалы жоспар бойынша жүргізіледі, тұрғындардың құқықтары мен мүддесі басты назарда болады, қалалық инфрақұрылым заманауи стандарттарға сәйкес жаңартылады, Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев.
Қала әкімдігі мен инвесторлардың бірлескен күш-жігері арқасында, Сәтбаев қаласы тұрғындары жақын арада қауіпсіз, заманауи және жайлы пәтерлерде өмір сүретін болады. Бұл – өңірдің тұрғын үй секторын жаңғыртудың айқын көрсеткіші әрі қала келбетін жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Ізтай Белгібайұлы.
Шарайна
