Пятница, 30.10.2026

МӘРТЕБЕСІ БИІК, МЕРЕЙІ ДАРА

Топанбай Мейірхан Мейрамбекұлы – Шымкент қаласында дүниеге келген жас ақын, аудармашы, полиглот және кітапханашы. Ол тағдырдың талай сынағына қарамастан, мойымай, қайсарлығы мен жігерінің арқасында білімге деген құштарлығын серік етіп, көпке үлгі болып жүрген азамат.

Мейірхан Мейрамбекұлы бала кезінен І топтағы мүгедектікке байланысты ДЦП дертімен күресіп, көз жанарының нашарлауына қарамастан, өмірге деген құлшынысын жоғалтқан емес. Керісінше, білім мен шығармашылыққа ден қойып, өзін жан-жақты дамытуға талпынып келеді.

2012–2017 жылдар аралығында Сәтбаев және Қарағанды қалаларында тұрған. Бұл қалалар оның өмірінде өзіндік орны бар ыстық мекендерге айналған.

Қазіргі таңда Түркістан облысы, Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Тастұмсық ауылдық кітапханасында кітапханашы болып қызмет атқарады.

Сәтбаев қаласының туған күніне орай Мейірхан Мейрамбекұлы өзі үшін ыстық естеліктерге толы Сәтбаев қаласына деген сағынышын өлең жолдарымен жеткізді. Оның жырларынан туған жерге, өскен ортаға деген шынайы ықыласы мен жүрек жылуы анық сезіледі.

 

Сырлы қалам, сағынышым, арман қалам – Сәтбаев!

Мен туған жер – Оңтүстік, басқа мекен,
Көңілімнің мәңгілік асқары екен.
Сәтбаев – көңіл көзім сені танып,
Өлгенше мейіріміңді сақтап өтем,
Сеніміңді өмір бойы ақтап өтем.

Мейіріміңді көрдім мен әр адамнан,
Айрылсам да тым ерте жанарымнан.
Қуат алдым замандас дос, құрдастан,
Неткен бақыт – жүрекпен сырласқан жан.
Сәтбаев қаласы құралған
Пейілі кең, мейірбан жандардан.

Саған кейде таң қалам, әйбат қалам,
Әр қиырың, әр көшең жәннат маған.
Арқасына салып ап еркелеткен,
Бөтенсітпей қарсы алған көрші-қолаң.

Жылы жүзді адамдары – жақыным боп,
Қайғыдан гөрі, білемін, дәл бүгін  шаттығым көп.
Басқа жақтан келсем де, сен де менің,
Өмір өзі сыйлаған аяулы, асылым көп.

Сырға толы – Сәтбаев

Бақ құсы алыс ұшпас мекен өзің,
Мен сені жеті көктем мекендедім.
Шегелеп өр санама әрбір тұрғын,
Сәтбаев – кеудесі құт өлкем дедім.

Жақсыға, жақсылыққа сенген елім,
Кеншінің алау жүзін көрген елім.
Сәтбаев – ғалымның хатындай боп,
Еңбек пен кісілікпен өңген елім.

Сәтбаев – байлықтың өзегіндей,
Сәтбаев – Баубектің өлеңіндей.
Сәтбаев – жалынды жас жігіттей,
Сәтбаев – көктемгі ерке гүлдей.

Сендіріп жақсыға мейірімменен,
Кеудеге құйылады-ау өлең деген.
«Сәтбаев – менің қалам» деп жырлайды,
Мейірімді, білімді сан мың өрен.

Көңілдің жазындай жайдары,
Сарқылмас сезімнің қайнары.
Сәтбаев – адамдық ордасы,
Мәңгілік өрліктің айбары.

Үміттің желкенісің,
Таусылмас ертегісің.
Кенге толы қойнауың,
Ғазал жыр, көркемімсің!

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …