Пятница, 30.10.2026

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ НАЗАРДА

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен қаламызға жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік нысандар мен қалалық инфрақұрылымның жай-күйін тексерді. Өңір басшысы білім беру және денсаулық сақтау нысандарының жұмысымен танысып, жол жөндеу, абаттандыру және реновация бағдарламасының жүзеге асырылу барысына назар аударды.

Биыл Сәтбаевта жалпы ұзындығы 17 шақырым болатын жол учаскелерін орташа жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда қала көшелеріндегі жұмыстар бірнеше бағытта жүргізілуде. Екі көшеге қиыршық тасты асфальт-бетон жабыны төселсе, жеті көшеде екі қабатты, алты көшеде бір қабатты асфальт төселеді. Жол жөндеу жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуы – қала инфрақұрылымын жақсартудағы негізгі міндеттердің бірі.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі қалалық аурухананың жағдайын да көрді. Нысанды аралау кезінде аурухана корпустарын өзара байланыстыратын жылы өткел салу қажеттігі көтерілді.

Есет Байкен бұл ұсынысты қолдап, тиісті жобалау жұмыстарын жүргізуді және құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастауды тапсырды. Мұндай өткел аурухана корпустары арасында қатынауды жеңілдетіп, әсіресе қыс мезгілінде пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдай қалыптастырмақ. Сонымен бірге аурухана аумағын абаттандыру жұмыстарының сапасына қатысты бірқатар ескерту жасалды. Жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Өңір басшысы Жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Осы ретте көшелердегі жағдайды тиімді бақылау үшін сараптама жасайтын камералардың болуы қажеттігіне назар аударылды. Заманауи бейнебақылау жүйесі құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оқиғаларға жедел әрекет етуге және қаладағы ахуалды тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары кезінде білім беру саласындағы нысандардың жағдайы да қаралды. Облыс әкімі Оқушылар үйі мен балабақшалардың құрылысына қатысты мәселелерді талқылап, жобалардың белгіленген талаптар мен мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Балаларға арналған әлеуметтік нысандардың сапалы салынуы мен уақытылы іске қосылуы – қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі.

Бұдан бөлек, Есет Байкен қала аумағындағы жер телімдерінің мақсатты пайдаланылуына назар аударды. Жер ресурстарын тиімді пайдалану, бос тұрған немесе белгіленген мақсатқа сай қолданылмай жатқан учаскелерді бақылау мәселелері де тиісті қызметтерге тапсырылды.

Өңір басшысының Сәтбаевқа жұмыс сапары қаладағы бірнеше маңызды бағытты қамтыды. Жолдардың сапасы, медициналық және білім беру нысандарының жағдайы, қоғамдық қауіпсіздік, жер телімдерін тиімді пайдалану және реновация бағдарламасының жүзеге асуы – барлығы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін мәселелер. Жұмыс сапары қорытындысында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын бақылау жүктелді. Негізгі мақсат – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып, қаланың инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту.

Ізтай Белгібайұлы.

Проверьте Также

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ: КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Құрылыс, логистика және көлік мәселелері жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Кездесудің …