Пятница, 30.10.2026

АРМАННАН ТУҒАН МАМАНДЫҚ

Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты Ескене ауылында 1989 жылдың 4 қыркүйегінде фермерлер отбасында дүниеге келген Төлегенова Алтынгүл Мәжікенқызының өмір жолы – табандылық пен ізденіске, арман мен жауапкершілікке толы тағдыр.

Алтынгүл Талдыбұлақ орта мектебіне 1996 жылы алғаш қадам басып, 2007 жылы осы білім ордасын аяқтайды. Ауыл мектебінің қабырғасында жүріп-ақ білімге құштар, ізденімпаз оқушы ретінде көзге түскен ол өмірін үлкен арманмен байланыстырды.

Мектеп бітірген соң, ол Қарағанды қаласындағы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Журналистика» факультетіне оқуға түсіп, 2007–2011 жылдар аралығында кәсіби білім алады. Бұл кезең оның өміріндегі жаңа бағыттың бастауы болды.

Бірақ оның жүрек қалауы бастапқыда журналистика емес еді. Негізгі арманы – физика-математика саласы болатын. Алайда бір балл жетпей қалуы оның бағытын өзгертіп, өмір оны журналистикаға алып келді. Сол сәтте қабылданған шешім кейін үлкен тағдыр жолына айналды. Алғашында басқа мамандыққа ұмтылғанымен, Алтынгүл бұл жолды еріксіз емес, жауапкершілікпен қабылдай білді. Ата-анасының сенімін ақтау, ел қатарлы білімді маман болу – оның басты мақсатына айналды.

Ол журналистикаға құжат тапсырып, оқуға қабылданған соң, өзін-өзі дәлелдеуге кірісті. «Намысқа тырысып, сөз қорымды молайту үшін жатпай-тұрмай іздендім» деген өмірлік ұстанымы оның кәсіби қалыптасуына негіз болды. Сөйтіп ол журналистика саласының қыр-сырын меңгеріп, өз орнын таба білді.

Алтынгүлдің кәсіби еңбек жолы 2012 жылдың 1 қарашасында Сәтбаев қаласындағы «СКБ-Видео» ӨК «СТА» телеарнасында басталды. Осы жерде ол 2012–2015 жылдар аралығында тілші қызметін атқарып, жаңалықтар мен қоғам тынысын жеткізетін журналист ретінде қалыптасты. Еңбексүйгіштігі мен кәсіби біліктілігінің арқасында 2015 жылдың 1 қаңтарында ол телеарнаның бас редакторы қызметіне тағайындалып, редакциялық басқару ісіне көшті. 2012–2017 жылдар аралығында осы телеарнада табанды еңбек етіп, кейін декреттік демалысқа шықты.

2019 жылдың ақпан–маусым айлары аралығында Сәтбаев қаласының «Ішкі саясат бөлімі» ММ-де баспасөз хатшысы қызметін атқарып, мемлекеттік ақпараттық коммуникация саласында тәжірибесін кеңейтті. Сол жылдың шілде айынан бастап бүгінгі күнге дейін Сәтбаев қаласында жаңадан ашылған «Aqsham» телеарнасында бас редактор болып қызмет етуде. Бұл кезең оның кәсіби тәжірибесінің толысып, жетекшілік қабілетінің айқын көрінген тұсы болды. 2021–2023 жылдары «Шарайна» газетінде штаттан тыс тілші, 2023 жылдың қараша айынан бастап «Алматы ТВ» республикалық телеарнасында Ұлытау облысының меншікті тілшісі, 2024 жылдың маусым айынан бастап «Жібек жолы» Президенттік республикалық телеарнасында Ұлытау облысының меншікті тілшісі ретінде еңбек етуде. 2022 жылдан бері ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

13 жылдық журналистік қызметі барысында Алтынгүл Төлегенова кәсіби биіктерге жетіп, көптеген марапаттарға ие болды: Сәтбаев қалалық БАҚ байқауының «Үздік қызметкер», «Мамандығына адалдығы үшін» байқауыың «Үздік бейнесюжет», «Күміс қалам» сыйлығының «Үздік редактор» наминацияларын жеңіп алды. 2024 – «ULAR» облыстық сыйлығының «Шаңырақ» номинациясына ие болды. 2024 – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сол жылы Сәтбаев қаласы әкімдігінің «Үздік редактор» сыйлығыа ие болды.

2009 жылы Болат Шөпбайұлымен шаңырақ көтерген Алтынгүл бүгінде төрт баланың анасы. Отбасы – оның өміріндегі ең үлкен тірек, шабыт көзі. Жұмыс пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүру – әйел адамның үлкен күш пен төзімділікті талап ететін миссиясы. Бұл тұрғыда Алтынгүл өз міндетін абыроймен атқарып келеді.

Көп жылдан кейін де ол білім жолын тоқтатпай, 2022–2024 жылдары Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтында «Математика және физика» мамандығы бойынша білім алып, екінші бір қырынан өзін дамытуға ұмтылды. Бұл оның жан-жақты тұлға екенін, тек бір саламен шектелмейтінін көрсетеді.

Журналистика – сырт көзге жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде үлкен еңбек пен төзімділікті қажет ететін мамандық. Бұл салада әрбір сөздің салмағы бар, әр ақпараттың жауапкершілігі жоғары. Алтынгүл Төлегенова да осы жолдың қиындықтарын сезіне отырып, оның қызығына да қанықты. Ол үшін журналистика – тек мамандық емес, қоғаммен тілдесудің, шындықты жеткізудің құралына айналды.

Журналист болудың ең үлкен қиындығы – уақытпен санаспау, әрдайым ізденісте болу, қоғамның тынысын дәл жеткізу. Ал қызығы – әр жаңа тақырып, әр жаңа кейіпкер, әрбір шынайы оқиға арқылы адам тағдырын тану.

Алтынгүл Мәжікенқызы Төлегенованың өмір жолы – кездейсоқтық пен таңдаудың, қиындық пен табандылықтың, арман мен шынайылықтың тоғысы. Ол өз жолын тауып қана қоймай, сол жолда еңбек етіп, қоғамға қызмет етіп келеді.

Бүгінде ол – білімді журналист, жауапкершілігі мол ана және өмірден өз орнын тапқан жан. Оның тарихы – тағдыр кейде басқа жол ұсынса да, табандылық пен еңбек адамды өз биігіне жеткізетінінің айқын дәлелі.

Досан Дулығалы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …