Қазақстан Республикасының Конституциялық соты жаңа Конституция жобасын жариялады. Бұл құжат елдің саяси-құқықтық дамуында жаңа кезең басталғанын көрсетеді. Ата Заң жобасы кең қоғамдық талқылаулар мен азаматтар, сарапшылар тарапынан түскен ұсыныстарды саралау нәтижесінде әзірленген.
Жаңа Конституцияны дайындауда 2026 жылғы 21 қаңтарда құрылған Конституциялық комиссияның рөлі ерекше. Құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, мемлекеттік органдар өкілдері, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес мүшелері кірген 130 адамдық комиссия елдің барлық өңірі мен әлеуметтік топтарының мүддесін қамтыды.
Комиссия жұмысына Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етсе, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева орынбасар ретінде бекітілді. Бұл қабылданатын шешімдердің кәсіби әрі салмақты болуына негіз болды.
Комиссия отырыстары ашық форматта өтіп, тікелей эфирде көрсетілді. Қоғамдық талқылауларға заңгерлер, депутаттар, қоғамдық белсенділер мен сарапшылар белсенді қатысты. Нәтижесінде Конституцияның барлық бөлімдері мен 77 бабы бойынша ұсыныстар қаралып, мәтіннің басым бөлігіне өзгерістер енгізу көзделді. Бұл жекелеген түзетулер емес, ел дамуының жаңа құқықтық моделін қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыс екенін аңғартады.
Жаңа Конституция жобасында өңірлердің, әсіресе ауылдық аумақтардың мүддесіне басымдық берілуі маңызды. Әлеуметтік әділеттілікті нығайту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бұл өзгерістер әділетті әрі тұрақты қоғам құруға жол ашады.
Қайрат Балмағамбетов,
Сәтбаев қалалық мәслихат төрағасы.
