Пятница, 30.10.2026

АҚЫЛДЫ ЖАРЫҚ – ҚАУІПСІЗ ҚАЛА КЕПІЛІ

Қаланың жайлылығы мен қауіпсіздігі ең алдымен оның инфрақұрылымының қаншалықты заманауи әрі тиімді ұйымдастырылғанына байланысты. Осы бағытта Сәтбаевта көшелерді жарықтандырудың жаңа тәсілдерін енгізу жұмыстары қолға алынды. Қазіргі таңда «ақылды жарықтандыру» жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда.

Жоба аясында Мәңгілік Ел көшесіне 25 жарықтандыру бағаны орнатылды. Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – жарықтандыруды қашықтан басқару мүмкіндігі. Арнайы компьютерлік жүйе арқылы әрбір жарық бағанының жұмысын бақылауға, шамның қосулы тұрғанын немесе ақау пайда болғанын жедел анықтауға болады.

Бұл технология қаланың жарықтандыру жүйесін басқаруды жеңілдетіп қана қоймай, оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, көшедегі жарықтың қуатын тәулік уақытына және адам қозғалысына қарай автоматты түрде реттеуге болады. Кешкі уақытта, тұрғындар көшеде көп жүретін кезде, жарықтандыру 100 пайыздық қуатта жұмыс істейді. Ал түнгі уақытта адам қозғалысы азайғанда жарық деңгейі 10 пайызға дейін төмендейді.

Мұндай тәсілдің экономикалық тиімділігі де бар. Жарықтың қажетсіз уақытта толық қуатта жұмыс істеуін шектеу электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақауды жүйе арқылы дер кезінде анықтау жарықтандырудағы мәселелерді жедел шешуге жол ашады.

«Ақылды жарықтандыру» – бір ғана көшенің келбетін өзгерту емес, қалалық инфрақұрылымды басқарудың заманауи моделіне қадам. Пилоттық жобаның нәтижесі алдағы уақытта осындай технологияларды қаланың басқа аумақтарына енгізу мүмкіндігін бағалауға негіз болады.

Көшелердің жарық болуы – тұрғындардың кешкі және түнгі уақытта өзін қауіпсіз сезінуінің маңызды факторларының бірі. Заманауи технология мен тиімді басқару үйлескенде ғана қала қауіпсіз әрі жайлы ортаға айналады.

Аманкелді Ақшал.

Проверьте Также

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ: КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Құрылыс, логистика және көлік мәселелері жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Кездесудің …