Сәтбаев қаласында биыл ерекше маңызы бар, ауқымды экологиялық жоба қолға алынды. Қаланың кіреберісінен басталатын «жасыл дәліз» тұрғындарға ғана эстетикалық ләззат сыйлап қоймай, қаланың экологиялық тепе-теңдігін сақтауға бағытталған.
Жоба аясында қаланың кіреберіс аймағында үш қатарға 1400-ден астам ағаш отырғызылды. Қазір олардың әрқайсысы жерге тамыр жайып, қала ауасына таза ауа қосып келеді. Суару жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп, әр ағаш үшін арнайы құбырлар арқылы автосуару жүйесі орнатылды. Сонымен қатар, су көзін қамтамасыз ету мақсатында ұңғымалар қазылып, көлемі 50 текше метр болатын арнайы су сыйымдылықтары қойылуда. «Әрбір ағаштың күтімі назардан тыс қалмайды. Жасыл дәліздің сапасы мен ұзақ мерзімділігі үшін барлық талап сақталады, – дейді мердігер мекеме өкілдері.
Аталған аумақ өнеркәсіптік аймақта орналасқандықтан, жасыл желек қалыптастыру – экологияны жақсартудың маңызды жолдарының бірі. Жобаның іске асуы қаланың ауа сапасын арттырып қана қоймай, әлеуметтік маңызы зор: ол тұрғындарға демалысқа арналған әсем әрі таза орта жасайды.
Жасыл дәліз – тек ағаш отырғызу емес, ол келешекке жасалған жауапкершілік. Әр көшет – қаланың көркі мен тұрғындардың әл-ауқатына бағытталған маңызды бастама. Бүгінгі еңбектің нәтижесі ертеңгі күннің жасыл қаласы мен таза ауасында көрініс табады. Осы орайда қала әкімдігінің өкілдері тұрғындарға арнайы үндеу жасады. «Мал ұстайтын азаматтардан малды қараусыз жібермеуді сұраймыз. Себебі бүгін егілген әрбір ағаш – ортақ еңбектің жемісі», – дейді олар.
Иә, шын мәнінде де, қаламызды жасыл, таза әрі көрікті ету – әрбірімізге ортақ міндет. Жобаның табысты жүзеге асуы тек мердігер ұйымдардың ғана емес, тұрғындардың да белсенді қатысуына байланысты.
Досан Дулығалы.
Шарайна
