Пятница, 30.10.2026

ОРТАҚ МҮДДЕ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Қазір ел ішінде ең көп талқыланып жатқан мәселенің бірі – жаңа конституциялық реформа. Бірі оны елдің жаңаруына бастайтын маңызды қадам деп бағалап, азаматтарды референдумға қатысуға шақырып жатса, енді бірі күмәнмен қарап, әртүрлі пікір білдіруде. Бұл – заңды құбылыс. Себебі демократиялық қоғамда әр азаматтың өз ойы, өз ұстанымы болуы қалыпты жағдай.

Алайда мәселе елдік деңгейге келгенде жеке пікірден гөрі ортақ мүдде алға шығуы тиіс. Конституция – кез келген мемлекеттің іргетасы, қоғам мен билік арасындағы негізгі келісім. Сондықтан оның тағдырына бейжай қарау – өз болашағымызға немқұрайлы қараумен тең.

Кейбір отандастарымыз «мен бармасам да референдум өтеді» деген көзқарасты алға тартып жатады. Бұл – қате түсінік. Иә, рәсім ретінде референдум өтуі мүмкін. Бірақ оның мазмұны мен маңызын айқындайтын – халықтың қатысу деңгейі мен белсенді ұстанымы. Халықтың үнінсіз қабылданған шешімнің салмағы да әлсіз болары анық. Ал саналы түрде қатысып, өз таңдауын жасау – әр азаматтың азаматтық парызы.

Бүгінгі ұсынылып отырған жаңа Конституция – 1995 жылы қабылданған Ата заңның мазмұнын сақтай отырып, оны заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған құжат. Сарапшылардың айтуынша, оның шамамен 80 пайызы жаңарып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге басымдық берілген.

Жаңа редакцияда халықтың шешім қабылдау үдерістеріне қатысу мүмкіндігі кеңейеді, жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлі артады, әлеуметтік кепілдіктер нақтырақ айқындалады, заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттары күшейтіледі.

Бұл өзгерістер – қағаз жүзіндегі нормалар ғана емес, елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған стратегиялық қадамдар.

Әрине, кез келген реформа мінсіз болмайды. Пікір алуандығы – қоғамның дамуының белгісі. Бірақ сын айту мен бейжай қалу – екі түрлі ұғым. Егер біз ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерден шет қалсақ, онда ертеңгі нәтижеге қатысты талап қоюымыз да әлсірейді.

Сондықтан бүгінгі басты міндет – қоғамды ортақ іске жұмылдыру. Референдумға қатысу – белгілі бір көзқарасты қолдау ғана емес, ол – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Бұл – «менің де дауысым бар, мен де ел болашағына үлес қосамын» деген ұстаным.

Ата заң – бір күннің емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына әсер ететін құжат. Оны қабылдау немесе жаңарту – тарихи сәт. Осындай кезеңде әрқайсымыз сырт қалмай, саналы таңдау жасап, ортақ мүдде жолында бірігуіміз қажет.

Ел тағдыры – әр азаматтың қолында. Ортақ іске жұмылған ел ғана қуатты мемлекет құра алады.

Ізтай Бейсенбаев.
«Шарайна» газетінің бас редакторы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …