Жуырда Сәтбаев қаласының әкімі Кеңгірбай Смағұлов шаһардың ақсақалдарымен кездесіп, кеншілер қаласының тыныс-тіршілігі, бүгінгі ахуалы мен алдағы даму бағыттары туралы пікір алмасты. Басқосуда қала басшысы шаһардың тазалығы мен сәулеттік келбетіне де тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарға аға буын өкілдерін белсенді атсалысуға шақырған еді.
Әкімнің бұл өтініші аяқсыз қалған жоқ. Қаланың 72-орам тұрғындары өткен сенбілікке бір кісідей қатысып, өздері тұратын аумақты тазалауға білек сыбана кірісті. Бастамаға қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өтеш Ахметов ұйытқы болды.
Өтеш ақсақал көршілеріне қала әкімінің ұсынысын жеткізіп, туған жердің тазалығы мен көркіне әр тұрғын өзіндік үлесін қосуы қажеттігін айтып, сенбілікке бірге шығуға шақырды. Ақсақалдың сөзіне қолдау білдірген көршілері де ортақ іске ұйымшылдықпен кірісіп, 72-орамды абаттандыруға атсалысты.
Сенбілік барысында балалар ойын алаңдары, аулалар мен көше бойлары қоқыстан тазартылып, арамшөптер оталып, қураған бұталар мен жапырақтар жиналды. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындар өздері тұратын ортаны таза әрі жайлы етуге күш салды.
Бұл орам тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығының бір көрінісі ғана. Өйткені 72-орам тұрғындары бұған дейін де өздерінің тұрмыстық жағдайын жақсартуға қатысты ұсыныстарын жергілікті билікке жеткізген.
– Қала басшылығы тұрғындардың өтінішіне әманда құлақ асып келеді. Біздің 72-орамның тұрғындары заманауи балалар алаңын салып, көше жолдарын жөндеп беруді сұраған еді. Бұл өтініштеріміз орындалды. Жолдарымыз асфальтталды. Бірнеше ойын құрылғысы шоғырландырылған тамаша балалар алаңы салынды. Енді сол нысандарды күтіп ұстау мақсатында орам тұрғындары да ұйымшылдық танытып отыр, – дейді Өтеш Ахметов.
Шынында да, абаттандыру – тек жаңа нысандар салумен немесе жолдарды жөндеумен шектелмейді. Оларды таза ұстап, күтіп-баптау да тұрғындардың ортақ жауапкершілігі. Бұл ретте 72-орамдағы ақсақалдар бастамасы кейінгі буынға үлгі боларлықтай.
Ақсақалдың бастауымен өткен сенбілікке тұрғындардың бір кісідей жұмылуы – ауызбіршіліктің айқын көрінісі. Әсіресе балалар ойнайтын алаңдардың тазалығы мен қауіпсіздігіне тұрғындардың мән беруі көңіл қуантады.
Өтеш Ахметовтің айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына біздің орам тұрғындары да осылайша өз үлестерін қосуда. Тазалық – бір күндік жұмыс емес. Әр адам өз ауласына, өз көшесіне жауапкершілікпен қараса, қаламыздың көркі де ажарлана түседі, – дейді Ақсақалдар кеңесінің төрағасы.
«Таза Қазақстан» – қоршаған ортаны қорғаумен қатар, қоғамдағы жауапкершілік пен жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Ал 72-орам тұрғындарының сенбілікке белсене қатысуы осы игі істің нақты өмірдегі көрінісіне айналды.
Қаланың тазалығы мен көркі – баршаға ортақ. Ал бұл жолда ақылымен жол көрсетіп, елді бірлікке бастайтын ақсақалдардың өнегесі қашанда маңызды. 72-орамдағы бастама – тазалықтың ғана емес, тұрғындар мен билік арасындағы өзара түсіністік пен сенімнің де жақсы үлгісі.
Ізтай Белгібайұлы.
Шарайна
