Пятница, 30.10.2026

ҚАЛАНЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ НАЗАРДА

Қала әкімінің қала көшелерін аралау жұмысы жалғасын тауып келеді. «Көшені жаяу аралау – тек ағымдағы жағдайды бағалауға ғана емес, сонымен қатар тұрғындармен тікелей пікірлесіп, жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелерді анықтауға мүмкіндік беретін тиімді тәсіл», дейді шаһар басшысы.

Санитарлық тазалық – басты назарда

Аралау кезінде тұрғын үйлердің маңындағы санитарлық жағдайға ерекше көңіл бөлінді. Өкінішке қарай, кейбір аулаларда және тұрғын үйлердің артқы бөліктерінде (5 метрлік санитарлық аймақта) тазалық талаптарының сақталмауы анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстарға жауапты ұйымдар – пәтер иелері кооперативтері (ПИК) тарапынан тиісті деңгейде орындалуы тиіс міндеттер екені атап өтілді.

Осыған байланысты тұрғын үй инспекциясы бөліміне санитарлық тәртіпті күшейту және бақылауды жүйелеу бойынша нақты тапсырмалар берілді. Мақсат – қала аумағында ортақ тазалық мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау.

Сауда нысандарының сыртқы келбеті

Қала орталығындағы бірқатар сауда нысандарының сыртқы көрінісі белгіленген сәулеттік және санитарлық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Сонымен қатар, кейбір нысандарға іргелес аумақтардың күтіп ұсталуы да жеткіліксіз деңгейде екені байқалды.

Осы мәселелер бойынша кәсіпкерлік бөліміне, жер қатынастары және сәулет бөліміне бірлесіп жұмыс жүргізу және бақылауды күшейту тапсырылды. Сауда орындарының эстетикалық келбеті – қаланың жалпы көрінісіне тікелей әсер ететін маңызды фактор екені атап өтілді.

Балаларға қауіпсіз орта құру

Қала дамуындағы басым бағыттардың бірі – балалар үшін қауіпсіз әрі заманауи инфрақұрылым қалыптастыру. Биылғы жоспарға сәйкес, қала аумағында 10 жаңа балалар ойын алаңын орнату көзделген. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Жаңа ойын алаңдары балалардың қауіпсіз ойнауына жағдай жасап қана қоймай, тұрғын аудандардың әлеуметтік инфрақұрылымын да жақсартуға ықпал етеді.

Қоқыс алаңдарын жаңғырту

Қаладағы қоқыс алаңдарын жаңғырту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Аралау барысында осы нысандардың жағдайы тексеріліп, мердігер ұйымдармен кездесулер өткізілді. Жұмыстың сапасы мен мерзімін сақтау – басты талаптардың бірі екені ескертілді.

Қаланың санитарлық тазалығы мен инфрақұрылымдық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.

Сайып келгенде, кешкі аралау барысында анықталған мәселелер қала өмірінің түрлі қырын қамтыды. Санитарлық тазалықты сақтау, сауда нысандарының сыртқы келбетін реттеу, балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту және қоқыс алаңдарын жаңғырту – барлығы да тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды міндеттер ретінде айқындалды.

Ізбасар Ойбас.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …