Пятница, 30.10.2026

АБАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ – БАСТЫ НАЗАРДА

Қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және абаттандыру жұмыстарын жүйелеу – жергілікті атқарушы органдардың күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Осы бағыттағы жұмыстардың барысын бағамдау мақсатында қала әкімі Кеңгірбай Смағұлов бірқатар нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Жұмыс сапары барысында қалалық жәрмеңкенің санитарлық жағдайы, Ұлытау көшесінің абаттандырылуы, су шаруашылығы нысандары, кәріздік тазарту құрылыстары және индустриялық аймақтағы инженерлік желілердің жай-күйі назарға алынды.

Алдымен қала әкімі қалалық жәрмеңкеге барып, сауда орындарының жағдайымен және кәсіпкерлерге жасалған жағдаймен танысты. Жұмыс барысында санитарлық жағдайға қатысты тұрғындардан түскен өтініштер де назардан тыс қалмады. Осыған байланысты жәрмеңке аумағына төрт биодәретхана орнатылды. Бұл – тұрғындардың ұсынысы мен көтерген мәселесіне нақты жауап берудің бір мысалы.

Қала әкімі жауапты қызметтерге жәрмеңкедегі баға белгілеу мәселесіне де бақылауды күшейтуді тапсырды. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына қатысты мониторингті жүйелі жүргізудің маңызы атап өтілді.

Жұмыс сапарының келесі бағыты – Ұлытау көшесі болды. Мұнда мердігер ұйымдар тарапынан жүргізілген жұмыстардан кейінгі аумақтардың жай-күйі қаралды. Кез келген құрылыс немесе жөндеу жұмысының нәтижесі тек негізгі нысанның аяқталуымен өлшенбейді. Жұмыс аяқталғаннан кейін оның маңындағы аумақтың тазаланып, абаттандырылып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы күйге келтірілуі де маңызды. Осыған байланысты қала әкімі мердігер ұйымдарға Ұлытау көшесіндегі жұмыстар жүргізілген аумақтарды ретке келтіруді тапсырды. Сонымен қатар кәсіпкерлік нысандарға тиесілі жерлердің де тиісті деңгейде абаттандырылуына назар аударылды. Кәсіпкерлік нысан орналасқан аумақтың тазалығы мен сыртқы келбеті қаланың жалпы көрінісіне тікелей әсер етеді. Сондықтан қала көшелеріндегі қоғамдық және жеке аумақтардың өзара үйлесімділігіне мән беру – абаттандыру жұмыстарының маңызды бөлігі.

Жұмыс сапары барысында қала әкімі Есқұла суқоймасына және су алу нысанына да барды. Мұнда атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралып, жобалардың іске асырылу деңгейі сараланды. Су – қала тіршілігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс. Сондықтан су қоймасы, су алу нысандары мен оларға қатысты инженерлік инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуі қала тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді.

Бұдан бөлек, кәріздік тазарту құрылыстарының қазіргі жағдайы да қаралды. Нысанның техникалық жай-күйі мен оны жаңарту мәселелері талқыланып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың бағыттары айқындалды. Кәріз жүйесі – көзге бірден көріне бермейтінімен, қаланың қалыпты тіршілігі үшін аса маңызды инженерлік инфрақұрылымның бірі. Оның үздіксіз жұмыс істеуі санитарлық қауіпсіздікпен қатар, қоршаған ортаны қорғау талаптарының сақталуына да ықпал етеді. Сондықтан кәріздік тазарту құрылыстарын жаңарту мәселесінің күн тәртібіне қойылуы – қала инфрақұрылымын кешенді түрде дамыту қажеттігін көрсетеді. Заманауи талаптарға сай жүйе қалыптастыру арқылы коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттыруға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

Жұмыс сапарының маңызды бағыттарының бірі – индустриялық аймақ болды. Мұнда кәсіпкерлік пен өндірістің дамуына қажетті негізгі инженерлік желілерді тарту жұмыстары іс жүзінде аяқталған. Бұл – жаңа өндірістік нысандарды орналастыруға және кәсіпкерлер үшін қажетті инфрақұрылымдық жағдай қалыптастыруға жасалған маңызды қадам.

Индустриялық аймақтың инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі өндіріс орындарының жұмысын ұйымдастыруда шешуші рөл атқарады. Электр энергиясы, су, кәріз және өзге де қажетті желілердің дайын болуы кәсіпкерлердің жаңа жобаларды іске асыруына қолайлы жағдай жасайды. Ал өндіріс орындарының көбеюі өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті экономиканың жандануына және қала бюджетінің кіріс бөлігінің ұлғаюына ықпал етуі мүмкін.

Осыған байланысты қала әкімі индустриялық аймақтағы жұмыстарды соңына дейін сапалы жеткізу қажеттігін атап өтті. Мердігер ұйымдарға негізгі инженерлік желілерді тарту жұмыстарын толық аяқтап, кейін аумақты ретке келтіру тапсырылды. Құрылыс барысында пайдаланылған материалдар мен техниканың қалдықтарын жинау, аумақты тазалау және нысандарды пайдалануға қолайлы жағдайға келтіру жұмыстың ажырамас бөлігі болуы тиіс.

Бүгінде қаланы дамыту тек жаңа нысандар салумен шектелмейді. Бұған дейін қалыптасқан инфрақұрылымды күтіп ұстау, оны жаңарту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштеріне жедел жауап беру де маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, қала әкімінің жұмыс сапары барысында көтерілген мәселелер нақты тапсырмалармен жалғасып, олардың орындалуын бақылау қажеттігіне басымдық берілді.

Марал Шахаева.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …