Сәтбаев қаласында дәстүрлі «Таза бейсенбілік» экологиялық акциясы өтті. Қала аумағын абаттандыруға бағытталған игі шараға мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары белсене қатысты.
Бұл жолғы тазалық жұмыстарына «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің 250-ге жуық қызметкері атсалысты. Кәсіпорын ұжымы қаланың төменгі бөлігіндегі №8, 9, 10, 11, 16 және 18 орамдарға бекітілген аумақтарды тазалап, тұрмыстық және өсімдік қалдықтарын, арамшөптерді жинады. Жұмыс барысында қажетті арнайы техника да жұмылдырылды. Ал мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен «СПТВС» ЖШС мамандары Малшыбай ауылына бағытталған автожолдың бойын тазалауға шықты.
Жалпы экологиялық шараға 500-ге жуық адам қатысып, тазалық жұмыстарына 19 бірлік техника, оның ішінде 7 тиегіш пен 12 «КАМАЗ» автокөлігі тартылды. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде қала аумағы мен жол бойындағы бірқатар учаскелер қоқыс пен өсімдік қалдықтарынан тазартылды.
«Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС тау-кен жабдықтары зауытының шебері Ерлан Сыздықов та тазалық жұмыстарына қатысудың маңыздылығына тоқталды.
– Қала тазалығына өз үлесімізді қосып отырмыз. «Қазақмыс Корпорациясы» да бұл іске белсенді атсалысуда. Бүгінгі бейсенбілікке 250 адам келдік, арнайы техникаларымыз да бар. Біз кеншілер қаласының тазалығына, сәулетіне, көркеюіне атсалысамыз. Осы орайда қала тұрғындарына да айтарым – қоқысты қалай болса солай шашып тастамай, арнайы орындарға тастаңыздар. Тазалық – бәрімізге ортақ, – дейді Ерлан Сыздықов.
Шынында да, қаланың тазалығы – тек коммуналдық қызметтердің немесе арнайы ұйымдастырылған сенбіліктердің міндеті емес. Ол – әрбір тұрғынның күнделікті мәдениеті мен жауапкершілігіне байланысты.
– «Таза бейсенбілік» – қала тазалығын сақтауға ғана емес, тұрғындар мен еңбек ұжымдарын ортақ іске жұмылдыруға бағытталған тұрақты шара. Мұндай жұмыстардың жүйелі түрде ұйымдастырылуы Сәтбаевтың санитарлық және эстетикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Тазалық жұмыстарына белсене қатысқан «Қазақмыс Корпорациясы» ұжымының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Кәсіпорын қызметкерлері қала көркін жақсартуға өз үлестерін қосып, туған жерге деген жанашырлықтарын нақты іспен көрсетті, – деді «Таза бейсенбілік» шарасын қорытындылаған жиында қала әкімі Кеңгірбай Смағұлов.
Қала аумағын тазарту қанша жерден жүйелі жүргізілгенімен, тазалықты сақтау мәдениеті қалыптаспаса, мәселе қайта туындай береді. Сондықтан әр тұрғын қарапайым талаптарды сақтап, қоқысты белгіленбеген жерге тастамай, арнайы орындарға жеткізсе, шаһардың ажары да арта түсері анық.
Досан Дулығалы.
Шарайна
